Биыл екінші рет Әкелер күні атап өтіледі
Биыл екінші рет елімізде Әкелер күні атап өтіледі. Мәдениет және ақпарат министрлігінің сарапшысы, жаңа мереке отбасы институтын нығайтып, әкелердің құрметтін арттыруға септігін тигізетінін айтады. Демек әр отбасы үшін маусымның үшінші аптасы мереке. АҚШ, Аргентина, Армения, Ұлыбритания сияқты әлемнің 30-дан астам елінде әкелер күні тойланады. Қазіргі қоғамдағы әкелердің рөлі қандай?
Үкімет қаулысымен былтыр Әкелер күні бекітілді. Оның негізгі мақсаты әкелерге деген сыйластық пен құрметті арттыру. Кейіпкеріміз Қарақат Солдатханның шаңырақ көтергеніне 3 жылдың айналасы. Қазір үшемнің әкесі. Ол баланың күтімінен бөлек, тәрбиесіне өзі де жауапты екенін айтады. Тіпті ұлттық тағамдар беріп, тілдерінің таза қазақша шығуына қадағалаған.
Қарақат Солдатхан, ата-ана:
-Балалармен кішкентай күнінен бастап қазақша сөйлесіп, сұрақ қойып, қазақшалап бір жағдайларды түсіндіріп, солай балаларымыздың тілі ерте қазақша шықты. Ерте тілдерінің шығуына қазақтың ұлттық тағамдары яғни құрт ерте бердік. Тістері жақсы болуы үшін сорпа етті жақсы көреді. Біз қазір ақылды бала деген кітапты толық жаттап бітірдік.
Бес ұлдың әкесі Нұрлан Малгелдиновтың айтуынша, әкенің қас-қабағы, баланың бас сабағы болуы керек. Техника дамып, ақпарат көздері көбейіп жатқанда оларға әлеуметтік желі емес, әке жақын болып, бала тәрбиесіне етене араласқан жөн дейді. Жастайынан ұлдарды спортқа беретінін айтады.
Нұрлан Малгелдинов, көпбалалы әке:
-Жақында міне бесінші ұлды болдым. Бес бала деген оңай емес. Тәрбиелеген, өсірген, жеткізген. Енді сол Аллах Тағаланың бергені сол. Екінші ұлым хоккеймен айналысады. Үлкен ұлым дзюдомен айналысады. Спортпен айналысады.
Мемлекеттік отбасылық саясаттың негізгі мақсаты отбасын қолдау, нығайту, өнегелі дамуына әсер ету екен. Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, биыл әкелердің қатысуымен өтетін шаралардың саны артып отыр.
Біржан Әлібекжанов, ҚР МАМ жастар және отбасы істер комитеті төрағасының орынбасары:
-Отбасындағы, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін, мәртебесін арттыру. Бұл бағытта ақпараттық кешенді түсіндіру жұмыстары гранттық жобалар жүзеге асып жатыр. Мәселен, осы жылдың өзінде өңірлердің көмегімен 600-ден астам іс шаралар жоспарланып отыр. Министрліктің бастамасымен әрбір екі жыл сайын Қазақстан отбасылар деген ұлттық баяндама әзірленеді.
Республика бойынша сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі әке түзде жүріп, отбасын асырап, материалдық көмек беретін адам деп қабылдайтынын көрсеткен. Дегенмен бір әкенің тәрбиесін 100 мектеп бере алмайды. Сондықтан бала тәрибесіне әкелердің араласуын насихаттайтын елде мемлекеттік емес ұйымдар бар.
Мақсұтбек Айтмағанбет, «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
-Мемлекетімізде білесіз жалғыз басты аналар да бар. Әкелер де бар. Әкелердің саны 70 мыңнан асады деген мағлұмат бар. Біздің қоғамдық ұйым бойынша істеп жатқан жұмысымыз енді «саналы әке» деген бағдарлама. Әкелері үйленер алдында саналы түрде үйленуі үшін дайындаған дұрыс дейміз. Мектептерде «әкелер кеңесі» жұмыс істеп жатыр. Отбасыға, балаларға қатысты заңнамалар қабылданса, біз міндетті түрде қатысамыз.
Елімізде Әкелер одағының 12 филиалы бар. Астананың әр мектебінде одақ өкілдіктері жұмыс істейді. Одақ ЮНИСЕФ-тің ерте жастағы балаларға, денсаулыққа және қыздарды тәрбиелеудегі әкенің рөліне қатысты үш жобасына қатысады. Ал еліміздегі әкелер одақтың көмегіне жүгіне алады.
Авторлары: Диана Қадыр, Зарина Кап, Аманжол Байғазин