Хабар телеарнасы

Тіс емдеу неге қымбат?

Тіске сапалы жарық пломбасын салдыру енді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру тізіміне енуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі қазір осы жағын қарастырып жатыр. Яғни бұған дейін химиялық және цемент негізіндегі пломба тегін салынса, енді сапасы жоғары жарық пломбасы да тегін болуы мүмкін. Тісті тегін емдету кімге бұйырған және тіс емдеу елімізде неге қымбат?

Тіс емдеу тек ақылы деген түсінік ел ішінде кең тараған. Бірақ кей адам тегін емделе алады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы жүкті әйелдер мен 18 жасқа дейінгі балалар жоспарлы түрде тегін тіс емдетуге құқылы.

Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің айтуынша, қазір стоматологиялық емдеу шарттарына өзгеріс енгізуді қарастырып жатыр.

Әсел Қыдыралиева, ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басқарма басшысы:
-МӘМС жүйесіндегі стоматологиялық қызметтердің ішінде пломбаның 2 түрі бар. Цементтік және химиялық түрі бар. Жаңағы сіз айтқан световая, яғни жарықтық пломба қарастырылмаған. Дегенмен біз халықтың әрбір түскен шағымдарды, мына медициналық көрсетіліп жатқан көмектің сапасын бақылау нәтижесінде осы аталған жарықтық пломбаны еңгізу мәселесін қазіргі таңда қарастыру жүргізіліп жатыр.

Елдің дені тісін жеке клиникаларға барып емдетуге мәжбүр. Бірақ ондағы баға шарықтап тұр. Қазір құрт түскен бір тісті емдеу құны кемі 50 мың теңгеден басталады. Тіс жұлу да қалтаны қағады.

Тіс емдеу мен жұлу неге қымбат деген сұраққа жеке стоматологиялық клиника иелері стоматологтардың кәсіби білігін өз есебімізден көтереміз. Одан бөлек құрал-жабдықтың құны кемі 100 мың АҚШ долларынан асады деген уәж айтады. Кәсіпкерлердің сөзінше, тіс емдеуге қажет дәрі-дәрмек пен шикізат түгелдей шетелден келеді, ал олардың бағасы өте қымбат.

Нұрбол Әбен, ортодонт-дәрігер:
-Стомотологиялық қызметтің қымбат болуы бұл өнімге байланысты. Елімізге жеткізілетін үлкен Фарм компаниялардың қойған бағасына байланысты. Өйткені стоматология бұл медицина саласы болғандықтан медицинада әрбір өнімді тіркеу, сертификациядан өткізу үлкен қаражатты талап етеді. Сондықтан да ол қаражат тікелей бұл өнімді әкелетін, жеткізетін компанияға байланысты. 

Жекеменшік клиника өкілдері дәрі-дәрмек пен шикізат бағасын мемлекет қатаң бақылауда ұстаған жағдайда стоматологиялық қызмет бағасын арзандатуға болады дейді.

Нұрбол Әбен, ортодонт-дәрігер:
-Яғни мемлекет тарапынан әрбір осы біз стоматологиялық болсын, кез келген медициналық құрал-жабдықтар, дәрілік өнімдер болсын тіркеу елімізде арзан бағада болатын болса, бізде де 50% ем-шара арзандайтын еді. 

Шетелден келетін дәрі-дәрмек бағасы тым қымбат екені туралы Жоғарғы аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов та мәлімдеді. Бақылаудың әлсіздігінен импортталатын дәрі-дәрмек бағасы 30-40% негізсіз өскенін де келтірген. Демек бұл сала реттеуді талап етіп отыр. Тек сонда ғана тіс ауырса, қалтамызға жалтақтаудан арылармыз.

Авторлары: Алуа Маханбет, Айбын Құсанбек, Аманжол Байғазин