Мемлекет қайраткері Сәт Тоқпақбаев: Конституция – елдіктің белгісі
Конституция – елдіктің белгісі. Мемлекет және қоғам қайраткері Сәт Тоқпақбаев осындай пікірде. Ата Заң еліміздің қауіпсіздік саласын бекемдеп, тәуелсіздікті нығайтуға жол ашты. Шекарамыздың тұтастығы мен халқымыздың береке-бірлігін күшейтті.
«Тәуелсіздікті нығайту үшін шекараны шегендеп, Конституцияны күшейту керек болды»,-дейді генерал. Ата заңға сәйкес бұйрықтар мен ережелер қайта жасалып, жаңа кадрлар дайындалды. Мемлекеттік маңызы бар жауапты істердің бел ортасында жүріп, заң нормаларының орындалуын қадағалаған Сәт Тоқпақбаев Конституцияға енгізілген өзгерістерді қолдады. Айтуынша, қоғам дамиды. Сол өзгерістерден кейін көптеген заң жетілдірілді. Елімізде жаңа орган – Конституциялық Сот жүйесі жасақталды. Демократиялық құндылықтарды бекітетін нормалар қабылданды.
Сәт Тоқпақбаев, мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-полковник:
- Сол заң дұрыс қабылданғанның арқасында, бүкіл халық қолдағанның арқасында Ата заң күннен күнге, жылдан жылға нығайып келе жатыр. Ол арқылы бүкіл еліміз, Қазақстан жоғарғы деңгейде барлық шетелмен қарым-қатынас жасайды. Неге қарым-қатынас жасайды? Себебі сенім. Қазақстанға заңды, құқықтық мемлекет деп сенеді.
Сәт Тоқпақбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарды. Араға біраз жыл салып Қорғаныс министрі болып тағайындалды.
Сәт Тоқпақбаев, мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-полковник:
- Өте үлкен жауапкершілік болды. Мен енді қуаныштымын. Сондай уақытта өмір сүріп, осы сүйікті Отанымыз тәуелсіз Қазақстанды нығайтуға көп болмаса да әйтеуір өз күшімше үлес қосқаныма. Қазақстанымыз гүлдеп, барлық жағынан да жоғары деңгейде, саяси болсын, экономика болсын.
2007 жылы Сәт Тоқпақбаев Мәжіліс депутаты болып сайланды. Бұл жұмысты да абыроймен атқарды. Мол тәжірибесін, күш-жігерін мемлекетіміздің Қарулы Күштері мен қауіпсізідігін нығайтуға қажетті заңдарды қабылдауға жұмсады. Бүгінде қоғамдық жұмыстарға араласып, жастарды тәрбиелеуге көңіл бөліп келеді.
А. Садуақас, С.Бейсекенов