Жетісу облысында жер электронды форматта беріледі
Жетісу облысында ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді беру конкурсы электронды форматта өткізіледі. Қанатқақты жоба еліміз бойынша алғаш рет жүзеге асырылады. «Заң бойынша жер» деп аталатын тың бастама ашықтықты қамтамассыз ету мақсатында қолға алынған. Себебі салада көңілге күдік ұялататын мәселе көп. Оны Мемлекет басшысы осы жолғы Жолдауында да айтты.
Президент әкімдіктегілердің екі мыңнан аса заңсыз шешім шығарып, алқаптарды конкурссыз бергенін атап өтті. Электронды конкурс сол заңсыздықтың алдын алмақ.
Қараша айында Сарқан ауданындағы 1200 гектарға жуық жер электронды конкурсқа шығарылады. Соған сәйкес тұрғындар өтініші де онлайн қабылданады. «Жаңа жүйеде кәсібін енді ашқандарға және ауыл азаматтарына басымдық беріледі», - дейді саладағылар.
Ермек Әпеков, облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы:
- Бұл жобаның артықшылығы – конкурсқа қатысушылар бизнес план әзірлеудің қажеті жоқ. Ветеринарлардан алатын анықтамаларды, техникалар саны туралы құжаттарды жинап әуреленбейді. Бұл жерде азаматтар жерді, лотты таңдап алады да электронды цифрлық қолтаңбасымен растайды. Сондай-ақ бұл процестерге аудандық әкімдік қатыспайтын болады.
Өткен жылы өңірдегі шаруалардан 245 мың гектар бос жатқан жер алынды. Оның басым бөлігі қоғамдық қолданысқа берілді. Нәтижесінде Қапал сияқты ауылдарда жайылым проблемасы шешілді.
Құдайберген Әділбеков, ауыл ақсақалдар алқасының мүшесі:
- Ауыл тұрғындарына ауыл маңайынан бірталай жер босап жақсы болды ғой. әйтеуір бір екі сауын сиырын ұстаса жақсы болды ғой.
Жалғас Жарылқасын, Қапал ауылдық округінің әкімі:
- Ауылдың малы жайылу үшін 2800 гектар жерді қызыл сызыққа кіргіземіз. Қалған 4285 гектарды кішігірім шаруаларға, жері жоқ азаматтарға таратылып беріледі.
Кейінгі үш жылда Жетісу облысындағы 488 мың гектар алқап мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар 80 ауылшаруашылық құрылымының басшысына нұсқама берілді. Келесі жылға дейін олар өз меншігіндегі алқапты пайдаланбаса, 81 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылады. Ал жерді берудің электронды конкурсы оң нәтиже көрсетсе, жаңа жүйе республика көлемінде енгізілетін болады.
Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов