Хабар телеарнасы

Әскерде қайғылы оқиғалардың жиі орын алуының себебі неде?

Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды. Себебі соңғы кездері қазақ әскерінде жағымсыз, кейде қайғылы оқиғалар жиі орын алып отыр. Қайтпек керек? Халық қалаулылары күрделі мәселенің ушығып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Жауаптылар не дейді? 

Бұл кеше ғана әскерге аттанып, қазір төсекке таңылып жатқан Ербаян Мұхтардың әкесі. Ол ұлын әскерге жіберер кезде оны дәрменсіз, мүгедек болып оралады деп күтпеген. Естеріңізге сала кетейік, Алматыдағы 5571 әскери бөлімінің мерзімді сарбазы Ербаян Мұхтар өткен жылдың желтоқсан айында бас-ми жарақатының салдарынан комаға түскен болатын. Жақындарына оның дәретханада құлап, жарақат алғаны айтылған. Алайда олар бұл нұсқамен келіспейді.

Инга Иманбай, заңгер:
-Ата-аналар көрген бейнежазбадан қорытынды жасауда. Видеода сол түні дәретхананың жанында 7-8 адам тұрған. Сарбаздар Ербаянды алып шыққанда, бір сержант белбеуімен тұрыпты. Медициналық қорытындыға қарасаңыз, жарақаттар бастың әртүрлі бөліктерінде. Егер ол құлаған болса жарақаты біреу болуы мүмкін ғой.

Содан бері Ербаянның емделуіне қазақстандықтардың күш салуымен 230 миллион теңгеге жуық қаржы жиналыпты. «Бұл ақша оны оңалтудың алғашқы үш айына жетеді»,— дейді сарбаздың әкесі. Шетелдік емхана дәрігерлері науқастың аяқққа қайта тұру ықтималдығы 80-85% деп сендіріпті.

Хамит Аймағамбетов, Ербаян Мұхтардың әкесі:
-Баланы тасымалдау қиын, жолға дайындалу керек. Емдеу үшін неміс клиникасын таңдадық. Енді тасымалдауға санитарлық авиацияны қосуды сұраймыз. Өйткені өзіміз алып барсақ, жиналған ақшаның жартысын жолға төлеу қажет болады.

Ербаянның жарақатына байланысты құзырлы органдарға біз де сауал жолдадық. Ішкі істер министрлігі әскерилер арасындағы денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатқанын түсіндірді. Бұдан басқа ақпарат айтпады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқыққорғау мекемелерінің басшылары жауапты.

Өз кезегінде Қорғаныс министрлігі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және әскери қызметшілерге қолайлы жағдай жасау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанына сендіреді.

Руслан Жангулин, ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы:
-Біздің әскери қызметкерлер арасындағы құқықбұзушылықтар саны жылдан жылға азайып келеді. Әрбір факті бойынша әскери полиция қызметкерлері ішкі тексеру жүргізеді және зерттейді.

Әскердегі әлімжеттік мәселесін мәжілісмендер де көтеріп, депутаттық сауал жолдады.

Нартай Аралбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Былтыр Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде 50 мыңнан астам бейнекамера орнатылғанын хабарлады. Ондағы жазбалар қайда? Жоғарыда айтылған жағдайларды ескеріп, еліміздің армиясындағы аталған келеңсіздікті тыю және алдын алу бойынша нақты шараларды қабылдауды қолға алуды ұсынамын. 

Мәжілісмен әскердегі ахуалға жан-жақты талдау жасағанын айтты. Оның қолындағы дерекке сүйенсек, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған. Ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген. Осыдан кейін бұл қасақана жасалған әрекет пе, әлде жазатайым оқиғалар ма деген сұрақ туындайды. Сарапшылар болса, армиядағы жарақаттармен өлімнің алдын алу үшін армияны толықтай реформалау қажет деп санайды.

Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы