Хабар телеарнасы

Түркістан облысында өз кәсібін ашқан сотталушылар көбейіп келеді

Түркістан облысында пробациялық есепте тұрған жазасын өтеушілердің бірқатары шағын несие алып, өз кәсібін ашыпты. Бірі түзеу мекемесінде үйренген кәсібін жалғастырса, екіншісі бөдене бағып, жұмыртқасын сатады. Үшіншісі көлік жөндеп, отбасын асырап отыр. Қазір мемлекет тарапынан сотталған азаматтарды еңбекпен түзеуге тағы қандай мүмкіндіктер жасалып отыр? 

Түркістандық Марат Каюмов көпбалалы отбасы ретінде тіркеліп, 1,5 млн теңге қайтарымсыз қаражат алды. Бүгінде бөдене бағып, жұмыртқасын қаладағы дүкендер мен дәмханаларға тұрақты өткізіп, табыс тауып отыр. 

Марат Каюмов, жазасын өтеуші:

- Ең бірінші қызығушылығымыз осы кәсіпті зерттеп, кәсіпке айналдырдық. Ең бастысы жем-суына қарап, азанда екі мезгіл қарайсың. Көп күтімді қажет етпейді. Қазіргі таңда 30 теңгеден өткізіп жатырмыз жұмыртқасын. Кафелерге, магазиндерге. Күнде 500 жұмыртқадай шығады.

Ал ішімдік ішіп, адам қаққан Шәкіржан Әбдіходжаев өзгелерді ондай қателік жасамауға шақырды. Кеш те болса айыбын түсінген ол кәсіптік білімін жетілдіріп, мемлекеттен 1 млн 476 мың теңге көлемінде грант ұтып алған. Көпбалалы әке оған көлік жөндеу орталығын ашыпты. Болашақта бизнесін дамытып, жұмысшылар алсам, - дейді.

Шәкіржан Әбдіқожаев, жазасын өтеуші:

- Ішпеген дұрыс қой кез келген жерде. Лажы болса, ішті ма, мүлде жоламау керек машинаға. Көлік жүргізу куәлігі жоқ, машина айдай алмайсың. Ары-бері бір жерге барып қайтайық дейсің, бара алмайсың.

Сотталу соңғы үкім емес. Түрмеден кейін де тіршілік бар. Қазір мемлекет жазасын өтеп шыққандарға кәсіп бастауға түрлі мүмкіндіктер жасап отыр.

Мамандардың айтуынша, пробациялық есепте тұрған азаматтардың қайтарымсыз грант алуына болады. 3 млн теңгеге дейін берілетін қаражатты алу үшін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша белгілі бір мамандық алып, бизнес жобасын дайындауы керек. Егер оны комиссия алдында қорғап шықса, тиісті қаражатқа қол жеткізеді.

Райхан Егембердиева, Түркістан қалалық Мансап орталығының директоры:                                                                                

- Сол жазасын өтеп шыққан азаматтың отбасы сол жеті санаттың ішіне кіруі керек. Әлеуметтік көмек алушы және мүгедектігі бар болуы керек. Немесе тәрбиелеп отырған мүгедек баласы бар, отбасы болуы керек. Қандастар және көші-қон бойынша қатысты азаматтарға тиесілі болады бұл гранты.

Қазір сотталған азаматтарға бірқатар қаржы ұйымдары да несие бере бастады. Немесе техника алуына қолғабыс етеді.

Қадағалаушы орган өкілдерінің мәліметінше, Түркістан облысында 2 мыңға жуық сотталушы пробациялық есепте тұр. Жазасын өтеушілердің  800-і уақытша жұмыспен қамтылса, тағы 400-ден астамы өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш