Субсидия беру қалай шешіледі?
Жыл басында субсидияға мол қаржы бөлінгенімен, жергілікті жауаптылар фермерлерге әлі күнге 256 миллиард теңге қарыз. Ақмола облысындағы диқандар шығындары шаш етектен екенін айтып отыр. «Ал 2025 жылы субсидиялау тіпті тоқтай ма?»,– деп алаңдайды. Бұған қатысты министрлік не дер екен? Көктемгі дала жұмыстары үшін берілетін төменгі пайыздық несиеге қатысты сарапшылардың пікірі қандай?
Биыл фермерлерді субсидиялау үшін бюджеттен 1 миллиард доллар жұмсалды. Дегенмен Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Сабынды ауылындағы диқандар субсидияны әлі алмағанын айтады. Олар қарызға қаржы алып, еңбек етіп келген. Жыл соңына дейін уәде етілген биылғы жылдың субсиядысын алсақ»,–дейді фермер.
Болат Кейжанов, Сабынды шаруа қожалығының басшысы
-2022 жылы алдық, 2023 кішкене тоқтатылып қалды. Бюджетте ақша болмай қалды ма? Білмеймін. Айта кетсек, 2022 жылы мен де техника алдым. Бірақ маған субсидия берілді де, Жаннұр шаруа қожалығы ала алмай қалды. 2025 жылдан бастап субсидия берілмейді деген әңгіме жүріп жатыр. Биыл мың гектар жерге 10 миллион 200 мың алған. Егер соны субсидиялау болса, ол бізге үлкен көмек қой. Бидай жақсы алу үшін Үкіметтен субсидия жақсы берілу керек.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің айтуынша, биыл бюджеттен жергілікті жауаптыларға субсидиялау үшін 455 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Дегенмен оның 56% фермерлердің қолына жетпей қалыпты. Яғни, Үкімет шаруаларға әлі 256 миллиард теңге қарыз. Тарқата түссек. Өсімдік шаруашылығы үшін 95 миллиард теңге қажет. Ал мал шаруашылығына 43,5 миллиард, қаржылық ұйымдарға 118 миллиард теңге беруі тиіс.
Олжас Тілебалдин, ҚР АШМ ресми өкілі:
-Қаржы министрлігіне субсидияға қосымша қажеттіліктер бойынша өтім жолдадық. Егер биыл қаржы бөлінбеген жағдайда субсидия ала алмаған шаруалар, келесі жылғы бөлінетін қаржылар есебінен субсидияға қол жеткізеді. Субсидия көлемін кейінге шегеріп, алып тастап отырған жоқпыз. Субсидия бұған дейін қалай берілді, бұдан кейін де солай жалғастырылатын болады.
Мемлекет субсидиядан бөлек, көктемгі дала жұмыстарына 5% несие беру жоспарда бар. Биыл оның көлемі 3 есе ұлғайып, 700 миллиард теңгеге жеткен. Экономист Сапар Жобаев: «Көбіне шағын және орта деңгейлі диқандар субсидияны тіпті көрмейді де»,– деп отыр.
Сапар Жобаев, экономист-сарапшы:
-Субсидияны үлкен жер иелері ала алады да, ал субсидияның шарттарын қойып қояды. Ал орта және шағын фермерлер еш орындай алмайды. Сол субсидияны ала алмастан, неше жылдан бері арқасынан жүгіріп жүреді. Шындығын айтайық, бұл жемқорлыққа алып келеді. Сондықтан әлемдік тәжірибе бұл мәселені несие арқылы шешкен. Фермер өзі біледі. Қанша алу керек, қашан қайтарып беру керек. Өзінің мүмкіндігіне қарай.
Желтоқсаннан бастап көктемгі дала жұмыстарына несие беруге құжат қабылдау басталды. Оған қажетті тұқым мен минералды тыңайтқыштар алынуы тиіс. Осы айға бөлінетін қаржы көлемі - 100 миллиард теңге. Шаруалардың мәселесін жиі көтеріп жүрген Мәжіліс депутаты, қаржылық қолдау мен жаңа техника керектігін ерекше атап айтты.
Жигули Дайрабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдарға қолжетімді несие керек. Екінші көмек - субсидия керек. Келер жылға техникаларды да жаңалау бойынша да әрекет болып жатыр. Мемлекет басшысы 8-10 пайызға техникаларды жаңарту туралы тапсырма берді. Сол тапсырманың төңірегінде 100 миллиард теңге бөлінді. Ол түгелімен қамтылды. Толығымен игерілді. Келер жылдан бастап 200 миллиард теңге қаралып отыр.
Шаруаларды қолдап, субсидия, одан қалды төмен пайызбен несие беру құптарлық, әрине. Бірақ диқандар осы маусымның қарызын жаба алмай, субсидиясын ала алмай отырған жоқ па? Сондықтан көктемгі егіс науқанына деген қаражатты қарызы бар фермерлерге кім бере қояды екен? Бас қатыратын басты мәселе осы болып тұр.
Авторлары: Диана Қадыр, Самат Сүлейманов