Хабар телеарнасы

Қаржы пирамидасынан қазақстандықтарға ₸20 млрд шығын келтірілді

Жыл басынан бері қаржы пирамидасынан келтірілген шығын 20 млрд теңге болған. Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдерінің айтуынша, алаяқтардың арбауына түскендердің арасында жастар да бар. Олардың кейбірі өздерінің төлем карталарын ақша үшін өзгеге пайдалануға берген. Бүгін Астанада студенттерге арналған «Заң мен тәртіп» форумы өтті. 

Заң мен тәртіп қағидаттарын түсіндіруге арналған бұл жолғы шара қаржылық сауаттылықты арттыру және киберқылмыспен күрес мәселесіне арналды. Студенттерге алаяқтар ұсынатын жүйелер, қаржы пирамидаларының әрекеті, тіпті ақша ұсынып, заңсыз істеріне адам тарту амалдары айтылды.

Әлібек Әбділов, қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

-Біздің превенция және аналитикалық талдамалар департаменті интернетте 47 қаржы пирамидасын анықтаған болатын. Соның нәтижесінде 300-ге жуық чат, яғни, WhatsApp және телеграм чаттары бұғатталды. Демек бұл чаттардың ішінде отырған 2 млн-ға жуық адам бұл болашақта қаржы пирамидасының потенциалды салымшылары. Яғни осындай алдын алу шаралары міндетті түрде жүргізілуде. Cтуденттеріміз және зейнеткерлеріміз аз ғана пайыз алу үшін өзінің карт-шоттарын алаяқтарға беріп жатады. 

Мамандардың айтуынша, алаяқтарға арбалғандардың ішінде жастар да аз емес. Мәселен, бір студент 10 мың теңге үшін өзге біреуге бір күнге банк картасын берген. Кейін оның есепшоты арқылы 100 млн теңге қаржы өткені анықталды. Қазір бұл дерекке қатысты тергеу жүріп жатыр.

Нұрсұлтан Орынбеков, Alayaq.net жобасының жетекшісі:

-Қазіргі таңда 50-ден астам азаматтық талап-арыз бар. 2006, 2004, 2005 жылғы студенттер. Тіпті қазір әскерде жүрген азаматтың өзі де сотқа борышкер ретінде танылып, тартылды. Алдағы уақытта өзіңіздің жеке шотыңызды, картаңызды өзгеге берген кезде жауапкершілік не әкімшілік айыппұл мен немесе қылмыстыққа қандайда бір жауапкершілікке тартылатын болса, ол сәйкесінше азаяды. Сондықтанда біз осы мәселені анықтап, алаяқтық схемаларды әшкерелеп, құзыретті органдарға депутаттарға, осындай жиынға жиналған адамдарға айтып жатырмыз. 

Бүгінгі форумға заң органдары мен өзге де ұйымдардың өкілдері қатысып, интернет, әлеуметтік желі арқылы әрекет ететін алаяқтардан қорғану жолдарын айтты. Себебі олардың сеніміне кіріп, байланыста болу кейін сыбайлас ретінде жауапкершілікке алып келуі мүмкін.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Мейрамбек Қайыркелді