Хабар телеарнасы

Өскеменде сырғанақтардың қауіпсіздігі тексеріліп жатыр

Өскеменде полицейлер мен құтқарушылар шанаға отырып, биік сырғанақтардың қауіпсіздігін тексерді. Көбі демалушылар үшін қауіпті болып шықты. Сондықтан құзырлы орган өкілдері қысқы демалысты ұйымдастырушыларға ескерту жасады.

Коммуналдық қызмет пен саябақтардың басшылығы олқылықтарды жоюға міндеттелді. Таулы аймақтар мен  көлік жолдарына жақын орналасқан алаңқайлар ерекше бақылауға алынған. Себебі бүлдіршіндер таудан қауіпсіз түсу ережелерін толық біле бермейді. Тәртіп сақшылары айыппұл салмағанымен, балаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

 Аслан Қапаев, ТЖБ Азаматтық қорғаныс тобының аға офицері:

- Бұл жерде жаңағы таулы аймақ деп атап өткеніміздей, қауіптілігі де көп. Және жанымызда облыстық маңызы бар авто тасжолдар бар. Соған байланысты ата-аналардың назарына осы сырғанау орындарына келген кезде арнайы жабдықталған орындарды таңдау және артымызда көріп тұрғандай жерлерде сырғанамауды ұсынамыз.

Анна Эрлих, қала тұрғыны:

- Қалада демалатын арнайы орындар аз. Әсіресе қыстыгүні балалармен бірге келетін алаң жоқ. Осы жағы ұйымдастырылмаған.