Хабар телеарнасы

Азық-түлік қауіпсіздігі: «Халалдың» бәрі адал ма?

Азық-түлік өндірісіндегі талаптардың орындалуы жайына келсек. Қазір дүкен сөрелерінде «халал» деген таңбасы бар азық-түлік өнімдері көп. Елде өндірілгендері де, сырттан келгендері де жетерлік. Бірақ бәрінің бірдей атына заты сай ма? Өнім өндірушілер халал стандартын қаншалықты сақтап отыр? Олардың қызметін кім тексереді?

Дамир Берікұлы, тілші:

- Тұтынушылар бұрын «халал» таңбасы бар өнімдерді іздеп жүріп, әзер табатын болса, қазір ондай азық-түлік түрлері сауда сөрелерінде самсап тұр. «Халал» деген белгісі түрлі қаріпте жазылған өнімдер жетерлік. Бірақ олар тиісті талаптарға сай келе ме? Сапасын кім қадағалайды?

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті биыл 5 мыңнан астам азық-түлік өнімін тексерген. Нәтижесінде олардың 35 пайызында сәйкессіздік анықталыпты. Яғни құрамы сыртында жазылғанына сай келмейді. Ал солардың ішіндегі 100-ден астам шұжықтың кейбірінен «халал» деген таңбасы бола тұра доңыз еті табылған. Айта кету керек, олардың барлығы сырттан келген өнімдер.

Дана Қасқатаева, ҚР ДСМ бас сарапшысы:

- Атап айтатын болсақ, Ресей елінен келген шұжық өнімдерінің құрамындағы көрсетілмеген доңыз ДНК-лары, Қырғыз елінен келген ет-шұжық өнімдерінің құрамындағы таза сиыр етінен деген өнімдерде сиыр етінің болмауы, Армения елінен келген ет-шұжық өнімдерінің құрамында жылқы етінен жасалынған деп жылқы еті тіндерінің анықталмағандығы және тағы да басқа шет елден келген өндірушілердің осындай ДНК сараптама нәтижесінде сәйкес келмегендіктері анықталды.

Нәтижесінде аталған өндірушілердің өнімдеріне шекарада зертханалық бақылау күшейтілген. Ал «халал» белгісі бар отандық азық-түліктердің сапасы қалай?

Елімізде қазір Сауда және интеграция министрлігінің Метрология комитетіне тіркелген «халал» сертификатын беруге құқылы ресми 2 компания ғана бар.

Солардың бірі Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасына тиесілі «Халал даму» серіктестігі. Аталған ұйым 10 жылдың ішінде 2 мыңға жуық кәсіпорынға «халал» сертификатын берген. Олардың жартысына жуығы – қоғамдық тамақтану орындары.

Айбек Аташев, «Халал даму» стандарттау және сертификаттау орталығының директоры:

- Ол кәсіпорынға кез келген уақытта біздің мамандарымыз барып, ескертіп немесе ескертусіз тексере аламыз. Әсіресе мынау шұжық өнімдерімен айналысатын асхана, кафе, ресторандарды біз 2 аптада бір тексеруіміз мүмкін. Немесе бүгін барып тексерген жерімізден кішкене ақау шықса, ертең барып тағы да тексеруіміз мүмкін.

Ал кемшіліктерді уақытында түземей, «халал» талабын одан әрі өрескел бұзатындарға алдымен ескерту беріледі. Ескертуді де елемегендерден «халал» сертификаты қайтарып алынады.

Жалпы бүгінде әлемнің 40-тан астам елінде халал стандарты бар. Қазақстанда «халал» деген ұғымды енгізген білікті маман Марат Сәрсембаевтың сөзінше, елде халал сертификатын беретін мекеме жетерлік. Олардың көбін халықаралық ұйымдар мойындаған. Сондықтан «халал» таңбасы бар өнімнің бәрін тұтына беруге болады, - деп отыр.

Марат Сәрсембаев, «Қазақстан Халал Индустриясы Қауымдастығының» президенті:

- Болады. «Халал» белгісі болатын болса, оған жауап беретін адам бар. Кімде кім халалды харам десе, харамды халал десе, діннен шығады. Егер мен сізге халал десем, мен сізге гарантия бердім. Ал мен егер сізге бірдемені заңсыз беретін болсам, мен Құдайдың алдында жауап берем. Бірақ бірінші бұл өнімге сапалы, қауіпсіз деген сертификат береді үкіметтік органдар. Ол қауіпсіз. Біз оған «насадка», шариғат бойынша сойылғанын, қаны ағызылғанын немесе ингредиенттердің шариғат бойынша сәйкес екенін ғана береміз.

Егер халал таңбалы өнімге қандай да бір күмәніңіз болса, сол сертификатты берген компанияның сайтына кіріп, тексеруге болады, - дейді сарапшы. Яғни аккредиттеуші мекеменің тізімінде өндіруші зауыт, фабриканың атауы көрсетілуі тиіс.

Жауаптылардың сөзінше, халал сертификатын беретін ресми ұйымдардың да жұмысы қадағаланады. Қазақстанда бұл іспен Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті айналысады. Бірақ қалай десек те кез келген өнімді аларда тұтынушының талғампаздығы қажет-ақ.

Дамир Берікұлы, Азамат Сәметов, Қанат Әбілдин, Аян Сәрсенбаев