Жезқазғандықтар таза ауызсумен қамтылатын күн алыс емес
Жезқазған тұрғындары 100% таза ауызсумен қамтылатын күн алыс емес. Президент пәрменімен шаһарға жерасты суын жеткізетін Үйтас-Айдос су құбыры қайта жаңғыртылып жатыр. Бұдан бөлек, жаңа облыста ұзақ жылдар қордаланған мәселелер біртіндеп шешімін таба бастады. Ауқымды инвестиция тартылып, экономиканы әртараптандыру жұмыстары қолға алынды.
Өңірде әлеуметтік маңызға ие азық-түліктің ұн, нан, ет секілді небәрі 3 түрі ғана өндіріледі. Жақында бұл қатарға тауық жұмыртқасы қосылды. Инвестициялық қаржыға ашылған құс фабрикасында жылына 25 млн жұмыртқа шығарылады. Халық көп тұтынатын тауар санын арттыру бағытында қазір өңір экономикасын әртараптандыру жұмыстарына басымдық берілді. Өткен жылы құны 34 млрд теңге 9 инвест жоба жүзеге асты. Жергілікті өнім көлемін көбейту үшін таяуда Сәтбаев қаласында арнайы экономикалық аумақ құрылады.
Данияр Арынғазин, облыстық экономика басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұл бойынша тиісті жер телімі бөлінді. Шамамен 12 гектар. Арнайы тұжырымдамасы бар. Қолымызда ПСД бар. Осы жобаны іске асыру мақсатында бірқатар инвестициялық ПУЛ жобалар жинақталды. Соның ішінде негізгі жобаны айтып өтуге болады. Бұл теңіз контейнерлерін жасау зауыты. Шамамен инвестиция көлемі 20 млрд теңге құрайды.
Облысқа қарасты қос аудан ауыл шаруашылығын дамытуға сұранып тұр. Жайлауында 100 мың жылқы өрген Жаңаарқаға мал өнімдерін ұқсататын кәсіпорын қажет. Осы мақсатта мал сою цехы бар шаруашылық құрылды. Ал биылдан бастап Ұлытау ауданында суармалы егіс көлемі ұлғаяды.
Данияр Арынғазин, облыстық экономика басқармасы басшысының орынбасары:
- Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тираждау мақсатында облысымызда 4 инвестициялық жобаны 5 млрд теңгеге қаржыландыру жоспарлануда. Соның ішінде Жезқазған қаласында көкөніс сақтайтын қойма, Ұлытау ауданында суармалы дақылдар мен көкөністерді өсіру шамамен 200 гектарға. Сонымен қатар құс етін өндіру, Жаңаарқа ауданында 5 мың бастық бордақылау алаңын құру.
Жаңа облыс құрылған тұста жергілікті билік алдында ең өзекті 2 мәселені шешу міндеті қойылды. Ол – өңірдің экологиялық ахуалын түзеу және Жезқазғанға таза ауызсу жеткізу. Алғашқысы бойынша 1,5 жылға жуық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ал жерасты көздерінен су тарту жобасының алғашқы кезеңі аяқталды.
Біркен Құлманов, жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнының директоры:
- Енді 2 этаптың проектісін бітірді. Мемлекеттік сараптама алды. Оның бағасы 6,3 млрд. 6 скважинаны бұрғылайды және скважинадан резервуарға дейін келетін 22 км су құбырларын ауыстырады және 35 кВт электр желілерін ауыстырады. Ол 27-28 жылдары аяқталады деп болжап отырмыз. Сонда Жезқазған қаласын түгел жерасты суына көшіруге мүмкіндік болады.
2024-те ширек ғасыр тұралап тұрған тұрғын үй құрылысы қарқын алды. 29 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның 9-ы таяуда қолданысқа беріледі. Ал биыл тағы 18 үйдің құрылысы басталады.
Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Нұрдәулет Аманкешов