Қостанай облысында ауылшаруашылық техникасының жартысы тозып тұр
Қостанай облысында қолдағы трактор, комбайндардың жартысынан астамы ескі. Енді соларды түгендеп, хаттап шығу міндеті тұр. Былтыр Қостанайда ауылшаруашылық техникасын «Халыққа қызмет көрсету орталығы» арқылы есепке алудың пилоттық жобасы енгізілді. Жаңа жүйе қаншалықты тиімді?
Мағауия Қалиев, тілші:
- Қостанай облысында 28 мыңнан астам ауылшараушылық техникасы бар. Соның жартысынан астамының пайдалану мерзімі 25 жылдан асқан. Яғни ескірген. Жаңасын алуға шаруашылықтардың көбісінің шама-шарқы жете бермейді.
Бұл мәселе әсіресе өңірдің оңтүстік аудандарында өзекті. Өйткені қаржы институттары егіншіліктің тиімділігі төмен аймақтарға техника алуға жеңілдетілген несие бергісі жоқ. Бар үміт тек мемлекеттік субсидияда. Бірақ оның төлемі де созбаққа салынып кетті.
Таңатар Ахметов, шаруа:
- Біз былтырғы жылы жаңадан техника алдық. Енді осы уақытқа дейін субсидиясын алған жоқпыз. Өйткені келісімшарт бәрі жасалды, бірақ ақша жоқ деп бермей отыр. Біз былтыр жаңадан комбайн алдық, 20 млн 400 мың алу керек. Негізі сол субсидияға үміт артқанбыз. Бірақ болмай қалып тұр ғой. Екінші жылға кетті.
Негізінен техника жаңартып жатқан ірі шаруашылықтар. Мысалы, «Карл Маркс» серіктестігі былтыр машина паркін 4 комбайн, 4 трактор, қажетті агрегаттармен толықтырған. Ескілерін де қараусыз қалдырмай, құрап, жинап, кәдеге жаратады.
Кирилл Шипилов, механизатор:
- Мынау тракторға 40 жыл болған. Қазір қалпына келтіріп жатырмыз. Қозғалтқышын, кабинасын бәрін өзіміз жасаймыз. Кейбір керек-жарақтарды қаладан алдыртамыз. Жөндегеннен кейін әлі 40 жыл қызмет етеді.
Алдағы үш жылда облыстағы трактор, комбайндарды түгел түгендеп шығу міндеті тұр. Былтыр тамыз айынан Қостанайда ауылшаруашылық техникасын халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы есепке алудың пилоттық жүйесі енгізілген болатын.
Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, бұл техниканы тіркеу рәсімін жеңілдетіп, мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін арттырады. Бірақ жаңа жүйе әлі дұрыс жетілдірілмеген. Тамыз айынан бергі аралықта «Халыққа қызмет көрсету орталығында» тек үш адамның техникасын тіркеткен.
Жасұлан Бексұлтанов, Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы:
- Бір кемшілік, мемлекеттік корпорацияға барған адам талон алып, кезек күтуге мәжбүр. Ол қызмет түрі автоматтандырылса, үйден шықпай-ақ электронды өтініш беруге болар еді. Инженер инспекторларды мазалайтын тағы бір сұрақ – корпорацияға өтініш бергеннен кейін мемлекеттік органдарды да жағалауға тура келеді. Осының бәрін оңтайландырып, «бір терезе» қағидатына келтіру керек.
Техниканы есепке алудың пилоттық жобасының нәтижесі жайлы «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясынан білгіміз келген еді. Бірақ олар қандай да бір түсінік беруден бас тартты.
Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров