Хабар телеарнасы

Биыл ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін қолдау едәуір артады

Биыл Президент тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін қолдау едәуір артады. Тек көктемгі егіс пен күзгі жиын-терім науқанына 700 млрд теңге бағытталады. Көктемгі егіске әзірлік былтырғы желтоқсанда басталып кеткенін айтуымыз керек. Өткен айдан бері мемлекет көмегін алу үшін шаруалардан өтініш қабылданып жатыр. Қазірдің өзінде 800 диқанның сұранысы қолдау тапты. Аграрлық саланы дамыту үшін тағы қандай жұмыс қолға алынады? 

Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру – мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің бірі. Ауыл шаруашылығы ел экономикасының негізгі салалары қатарында.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Былтыр экономиканың басқа салаларына қарағанда ауыл шаруашылығы даму қарқыны бойынша алға шықты. Бұған көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемін едәуір арттырудың арқасында қол жеткіздік. Биыл осы науқанға кемінде 700 миллиард теңге бөлу керек. Арзан несиені малшыларға және ауыл шаруашылығы өнімін өңдеушілерге берген жөн. Тиімділігі төмен субсидиялау тәсілінен жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажет.

Егіншілікті әртараптандыру да күн тәртібіндегі мәселе. Бұған қостанайлық диқандар да мүдделі. Соңғы он жылдың ішінде өңірде майлы дақылдар көлемі екі есе өскен. Бидайға қарағанда бағасы қымбат болғанымен, күнбағысты күтіп, баптау мен өткізудің машақаты аз емес. «Сондықтан Президенттің елімізде шикізатты терең өңдеу мүмкіндігін арттыруға мән беру өте орынды»,– деп отыр.

Марат Ахметов, «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» Қостанай филиалының төрағасы:

-Шетелге күнбағыс шығарсаң, квота 100€. Бүгінде 100€-56 мың тенге. Бүгін 170 тенге, 165 тенге болса бағасы, егер квотаға 50 мың тенге төлесең әр жағында қалатыны жоқ. Сол себептен өзіміздің өндірушілерді күтіп отырмыз.

Жалпы аграрлық салаға қомақты қаржы бағыттау бұрын-соңды болмаған еді. Қолдаудың артқаны сапалы әрі мол өнім алуға септігін тигізетіні анық. Мәселен, былтыр диқандарымыз 23,3 млн гектар алқапқа дән сеуіп, 26,7 млн тонна астық жинады. Бұл көп жылдан бері болмаған рекордтық көрсеткіш. Биыл аймақтарда 23,7 млн га алқапқа дақыл егілмек. Ал оның әр гектарынан өнімділік көрсеткіші 20 центрнерге жеткізілмек.

Олжас Тілебалдин, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі:

-Жол картасын әзірледік 2028 жылға дейін барлық ауыл шаруашылығы өнімін екі есе ұлғайту бойынша. Сол жерде мынау егістік алқаптарды әртараптандыруға баса мән бердік. Оның ішінде, мынау жоғары рентабелді алқаптар, майлы дақылдар, бидайдан басқа дәнді дақылдардың түрлерін көбейту бойынша.

Мамандар ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмысы мен шикізатты сақтау және оны терең өңдеу ісіне басымдық берілетінін айтады.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Мағауия Қалиев, Мұхамбетали Тілдабаев