Шымкентте қоқыс мәселесі өршіп тұр
Шымкентте қоқыс тасымалдау ісінде жанжал өршіп тұр. Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен айналысатын кәсіпкерлер әкімдіктің жаңа бағдарламасы тиімсіз дейді. Жергілікті билік 5,5 млрд теңгеге тендер жариялады. Оны ұтып алған компания қоқысты жинаудан бастап, қайта өңдеуге дейінгі барлық міндетті орындауы тиіс. Ал осы салада ұзақ жыл бойы жұмыс істеп келген ұжымдар байқау шарттары қатардағы кәсіпкерлер үшін тым жоғары деп отыр.
«Осыған дейін тұрмыстық қалдықтарды жинаумен айналысып келген шағын компаниялар қарызға белшеден батып, банкротқа ұшырауы мүмкін. Себебі әкімдік жариялаған тендердің шартын орындау мүмкін емес»,– дейді кәсіпкерлер.
Нұржан Карбозов, кәсіпкер:
- Конкурстың талаптары бізге сай келмейді. ГЧП жобасы 5,5 млрд болып белгіленген. Сол 5,5 млрд-тың 20% счетымызда көрсетуіміз керек. Одан кейін 60 техника деп жазылған. Қандай техника мусоровоз ба, манипулятор ма, ондай нәрселер белгіленбеген. Сондықтан біздің қаламызда қазір жұмыс атқарып отырған бірде бір компания бұл конкурсқа қатысқан жоқ.
Кәсіпкерлер: «Мұның артында монополияландыру саясаты жатқанына сенімдіміз»,– дейді. Өйткені талабы жоғары шартты тек қаржылық мүмкіндігі жоғары компания ғана орындай алады. Тендер жеңімпазы қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау секілді міндеттерге жауапты болмақ. Сондай-ақ жаңа арнайы техника, жартылай жерасты контейнерлері, бейнебақылау және басқару орталығы болуы керек. Қазір мегаполисте күніне 1 мың тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылады. Бұл көрсеткіш жыл санап артпаса, кемімейді. Себебі халық саны өсіп, өндірістік кәсіпорындар қатары артып келеді. Қала билігі қоқыс тасымалына жауапты компаниялардың көбінде арнайы техника жоқ дейді. Қолда бары тозған. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан наразылық көбейген. Мысалы, өткен жылы 7 мыңнан астам шағым түскен.
Гүлнәр Ермекбаева, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы:
-Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау – біздің қаламыздағы өзекті мәселенің бірі. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында қолға алынған жобаны жүзеге асыру алдағы 10 жылға жоспарланып отыр. 2027 жылы қоқысты сұрыптайтын зауыт іске қосылады. Жоба мерзімі аяқталған соң барлық мүлік, оның ішінде сұрыптау зауыты да коммуналдық меншікке қайтарылады.
Кәсіпкерлер әзірге жұмысын жалғастырып жатыр. Бірақ жалғыз ғана компанияның мұндай ауқымды жұмысты атқаратынына күмәнмен қарайды. «Сондықтан бізді қосалқы мердігер ретінде тартуы да мүмкін»,– дейді олар.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Катерина Попкова, Самат Нағашбекұлы