Ақтау теңіз портын тереңдету жұмыстары басталады
Ақтау теңіз портын тереңдету жұмыстары басталады. Себебі соңғы үш жылда Каспий теңізінің деңгейі күрт төмендеп, теңіз айлағының қызметіне кері әсер еткен. Сондықтан теңізді тереңдету жобасы әзірленді. Оның алғашқы кезеңіне Көлік министрлігі 21 миллиард теңге бөліп отыр.
Соңғы жылдары Каспий теңізінің деңгейі төмендеп кетті. Орташа есеппен жылына 20 см-ге дейін азаяды. Салдарынан танкерлік флот, құрғақ жүк және контейнер тасымалдайтын кемелер толық жүктеме ала алмай отыр.
Вадим Новиков, Ақтау халықаралық теңіз сауда портының бас диспетчері:
-ҚР порттарының теңіз әкімшілігі құрғақ жүк және мұнай құю айлағында жүктемені азайтты. Бұл олардың кірісін төмендетеді. Сондықтан портты тереңдету қажет.
Тереңдету жұмыстары тек порт маңында ғана емес, айлақ жағында да жүргізіледі. Мәселен, кейбірінің түбін 1,5 метрге дейін тереңдету көзделіп отыр. Биылғы меже теңіз астынан 1 млн 300 мың текше метр топырақты сыртқа шығару. Қазір мердігер анықталып жатыр.
Абай Түрікпенбаев, «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
-Барлық жұмыстар аяқталғаннан соң, кемелер қажетті мөлшерде жүк тиеп, еркін қозғала алады. Жобанының жүзеге асырылуы Каспий теңізі деңгейінің өзгеруіне байланысты. Егер қазіргідей болса, 3-4 жылдан кейін екінші кезең қолға алынады.
Теңізді тереңдету жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Ал сыртқа шығарылған топырақ жаңа терминалдар салуға жұмсалады.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Тамара Степанова, Ренат Дусалиев