Қарашығанақ жобасын іске асыруда қазақстандық тауар мен қызмет үлесі 18 пайызға жетті. Енді оның көлемі әрі қарай көбейтілетін болады. Бұл туралы бүгін Мәжілістің экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің отырысында айтылды. Онда ірі компанияның бас директоры мен жауапты ұйым өкілдері қатысты. Жалпы, елдегі ірі мұнай-газ жобаларын іске асырушылар жыл сайын қазақстандық үлестің көлемін ұлғайтуы тиіс. Тек былтырдың өзінде отандық тауар өндірушілерден қажетті жабдық пен қызмет түрін алуы үшін 240 млн АҚШ доллар болатын келісімге қол қойылған.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы:
- Президент реттеу-сатып алудың деңгейін отандық тауарлардың деңгейін 60 пайызға жеткізу керек деп тапсырма берген болатын. Бұл енді осы ірі жобаларға да тікелей қатысты. Сонда біз сыртқа қаржы шығармаймыз. Өздеріңіз білесіздер, тек қана 2023 жылдың қортындысы бойынша біздер 60 млрд долларға сырттан импорттық тауар сатып алғанбыз, бүкіл секторлар бойынша. Енді соның үлесін біз азайтуымыз керек. Ол біз үшін, біздің экономикамыз үшін өте тиімді.