Сенат депутаты Ұлытау облысындағы қордаланған мәселелерді көтерді
Ұлытау облысы бұл қарқынмен әзір дамымайды. Сенат депутаты Серік Шайдаров бүгін аталған аймақтағы қордаланған мәселелерді көтеріп, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады. Айтуынша, Жезқазғандағы су тазарту кешенін қайта жаңғырту жобасының, үшінші кезеңіне қаражат әлі күнге дейін бөлінбеген. Ал бұл жобаны аяқтамай, облыс орталығы мен Сәтпаев және Кеңгір кентін сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мүмкін емес. Жылу құбырларының да жартысынан астамы тозған. Оған 15 млрд теңге қажет. Жезқазғанға екінші жылу электр стансасын салу мәселесі де әлі шешілмеген. Одан қалды жол мен тұрғын үй құрылысында да ілгерілеу жоқ, - дейді депутат. Айта кетейік, Ұлытау облысының құрылғанына 2,5 жылдай болды.
Серік Шайдаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Ауыл шаруашылығында серпінді жобалар жоқтың қасы. Салада инфрақұрылым дамымаған. Мұндай жағдаймен көрші жатқан Қызылорда немесе Түркістан облысының даму динамикасымен салыстыруға да келмейді. Ұлытау облысын жалпы халықтық деңгейден артта қалуды қысқарту үшін республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыру қажет деп пайымдауға толық негіз бар.