Хабар телеарнасы

Оралда көктемгі су тасқынына қызу дайындық жүріп жатыр

Орал қаласында көктемгі су тасқынына дайындық қызу. Дәл қазір Шаған мен Жайық өзендерінің жағасындағы ойпаңдау жерлерге дамбалар салынып, бөгеттер биіктетіліп жатыр. Бұл жұмыстарды наурыз айына дейін аяқтау жоспарланған. 

Биылғы жағалау бекіту жұмыстары барысында былтырғы тасқын кезінде жасалған топографиялық зерттеулердің қорытындысын негізге алған. Су басуы ықтимал жердің бірі Зашаған кентіндегі Коминтерн шағын ауданы. Қазір ауылды айнала ұзындығы 1,2 шақырым бөгет нығайтылыпты, 6,4 шақырым арық жүйесі салынған.

Асылжан Хайруллин, Зашаған кенті әкімінің орынбасары:

-Сонымен қатар қазіргі таңда Анискин көлі маңайында дамбаны нығайту жұмыстары жалғасын табуда. Жалпы ұзындығы 420 метрді құрайды. Бұл жұмыстарды ағымдағы жылдың наурыз айына дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Бұдан бөлек «Речник», «Венера» саяжайлары маңында 1,8 шақырым, Перевалочно-Набережная көшесінде 4 шақырым, шаһардың көне бөлігі саналатын Курени ауданында 2 шақырымдай бөгет биіктетіліп жатыр. Арнайы техника кіре алмайтын аумақтар құм салған қапшықтармен беркітілген.

Михаил Черноусов, мердігер компания өкілі:

-Біз қазір Курени ауданында дамбаларды нығайтып жатырмыз. Жайықтың жайылмасындамыз. Осыдан кейін арналық бөлігіне көшеміз. Жұмысты 28 қарашада бастадық. Құрылыс 95% бітті.

Облыстық аурухана ауданында да тиісті жұмыстар басталған. Алайда құрылысшыларға қолбайлау боп отырған жайттар да бар.

Дәл қазір жағалау бекіту жұмыстарына кедергі келтіріп тұрған фактордың бірі – өзенге тақау тұрған үйлер мен түрлі құрылыстардың болуы. Мәселен, біз облыстық аурухана ауданы аумағында Жайықтың жағалауында тұрмыз. Бұл жерде дамбаны әрі қарай жалғастыру үшін мына гараждарды толықтай бұзу қажет.

Азамат Халелов, қала әкімінің орынбасары:

- Бұл жерде меншік иелеріне бағалау құнымен ақшасы қайтарылатын болады. Сол жердегі бөгеттер салу басқа да жұмыстарына байланысты мемлекет меншігіне қайтарылатын болады. Алайда қаржылық-экономикалық жұмыстар, бағалау жұмыстарының барлығы тиісті заңға сай жүргізіледі.

Өзен жағасындағы үй қожайындарының бос жерді өз бетінше иемденіп, заңсыз құрылыс салу фактілері де аз емес. Арнайы құрылған комиссия былтыр көктемнен бері осындай 17 фактіні анықтапты.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов