Тараздағы 4 тұрғын үй алабының халқы ауызсуға жарымай отыр
Тараздағы 4 тұрғын үй алабының халқы ауызсуға жарымай отыр. Жұрт ауладан ұңғыма қазып, құдық суын тұтынуға мәжбүр. Бірақ одан құрт шыққандықтан, ішуге жарамсыз. Мәселе қашан шешіледі?
Қайнар, Ақжол, Мичуринец пен Родничок тұрғын үй алабында 10 мыңға жуық адам тұрады. Аумақ 15 жыл бұрын қала құрамына қосылғанымен, ауызсу мәселесі әлі күнге шешімін таппаған.
Тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындар таза суды тасып ішуге мәжбүр. Ал кейбірі жер асты құбырына су фильтрін орнатқан. Оған әлі келмегендер мынадай құдықты пайдаланып отыр.
Дегенмен ұңғымадан тартылған тіршілік нәрі ішуге жарамсыз. Жер асты суы жақын болғандықтан, оған сарқынды су араласады.
Дүйсенкүл Жігітова, қала тұрғыны:
-Әрқайсысымыздың құдығымызды өлшеп көрдік. 3 метрден су шығып тұр, 3 метрде септігіміз, 3 метрде әжетханамыз. Сол сасық суды жиіркенсең де бәрібір судың аты су, қанша сасық болып тұрса да, қанша дәмі шығып тұрса да, ішеміз амал жоқ.
Лунара Смайылова, қала тұрғыны:
-Құрт су ішіп отырмыз. Балаларымыз құрт судан ауырады. Іші де өтеді, құсады. Қайнатып сүзіп береміз. Қазір енді өзімнің үйіме фильтр қойып алдым. Ай сайын оған ақша төлеп жатырмыз.
Ал әкімдік мамандары 2022 жылы жобалық сметалық құжаттама әзірлеп қойғандарын айтты. Құрылысқа қажетті 860 миллион теңге былтыр бөлінген. Жоба бойынша 12 көше мен 5 бұрылысқа, 67,6 шақырым ауызсу желісі тартылуы тиіс еді. Бірақ тендерді ұтып алған мердігер мемлекеттік сатып алым порталына, жұмыс өтілі мен техникалары жайында жалған құжат жүктегені белгілі болды. Сондықтан өзге компания өкілдері оларды сотқа беріп, жоба басталмай жатып тоқтап қалған.
Жарқынбек Шоғалов, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
-Бірінші соттың да, екінші соттың да шешімі сол екінші компанияныкін дұрыс деп шығарып отыр. Алайда Сауда-сервис ЖШС жоғарғы сотқа жүгінді біз заңға бағынамыз. Заң қалай шешім қабылдайды біз солай жұмыс жасаймыз. Бүгінгі таңда қаражат біздің өзімізде тұр.
Жоғарғы сот шешімі шықса, құрылыс жұмыстары наурыз айында басталуы мүмкін. Тұрғандарды жыл аяғына дейін тіршілік нәрімен қамту жоспарланған.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә