Рамазан айына 4 күн қалды
Енді төрт күннен кейін қасиетті Рамазан айы басталады. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы баспасөз мәслихатын өткізіп, оразаға қатысты сұрақтарға жауап береді. Сонымен 1 наурыздан ауыз бекітеміз. Ал наурыз айының 26-сынан 27-іне қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі. Пітір садақасы ел бойынша 655 теңге болып бекітілді. Ол үшін әдеттегідей екі келі ұнның орташа бағасы негізге алынған. Шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Ал жолаушылар, науқас жандар мен жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстауды кейінгі уақытқа қалдыруына болады.
Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:
- Ораза күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық.