Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың жеңімпаздары марапатталды

  • 874
  • 25.02.2025, 18:36

Елорда төрінде жас ақын-жазушыларға Президенттік арнаулы әдеби сыйлығы табысталды.

«Проза» номинациясы бойынша Есбол Социалхан, «Поэзия» номинациясы бойынша Жәнібек Әлиманов, «Драматургия» номинациясы бойынша Әлішер Айтуар, «Балалар әдебиеті» номинациясы бойынша Әсет Сыздықов Президент сыйлығын иеленді. Әдеби сыйлық 2024 жылы Президент Жарлығымен тағайындалған. Басты мақсат – шығармашыл жастарды қолдау, жаңа туындылардың жарық көруіне жол ашу. Сондай-ақ жиында 20 жас қаламгер туындыларының тұсаукесері өтті. Басқосуда бүгінгі әдеби тенденциялар мен өзекті мәселелер сөз болды.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева XX ғасырдағы әдебиет адамның жан әлемін тереңінен суреттесе, XXI ғасырдың қаламгерлері жаңа технологиялар дәуіріндегі адам тағдыры, жаһандану мен ұлттық болмыс, жеке тұлғаның күресі секілді тақырыптарға қалам тербеуі керек екенін еске салды. 

Жәнібек Әлиманов, Президенттік арнаулы әдеби сыйлығының иегері, ақын: 

- Мен «Поэзия» жанрында баспаға әлі жарияланбаған бір кітап өлеңдерімді ұсындым. Бұл деген ақын-жазушы боп жаңа-жаңа қалыптасып келе жатқан шығармашылық толқынға үлкен мүмкіндік, үлкен кеңістік. Үлкен шығармалар жазуға мемлекет жол ашып жатыр. Бұған үлкен дайындық, жазу, еңбек керек.