14 наурыз елде жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі басталады
Мәні терең Наурыз мерекесі биыл ерекше аталып өтеді. Онкүндікке дайындық қазірдің өзінде қарқынды жүріп жатыр. Биыл Наурызнама онкүндігі аясында ел аумағында ұлттық салт-дәстүрді, мәдениеті мен тарихын насихаттауға бағытталған 1,5 мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, Астана қаласында «Қамажай» флешмобы, Ақмола облысында креативті индустрия өкілдері мен қолданбалы өнер шеберлерінің қатысуымен «Наурыз – Арбат» жобасы, Көкшетауда мыңнан астам келіншек қатысатын «Кимешектер шеруі», Ақтөбеде «Ұлттық киім – ұлт бейнесі» атты ұлттық киімдер шеруі, халықтың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын оятуға бағытталған басқа да көптеген ауқымды іс-шаралар өтеді.