Шешендік өнердің шеберханасына айналған Алматыдағы Абай ұлттық мектебінде дәстүрлі «Ділмар» сайысы өтті. Жас ұрпақты жүйелі ойлап, көркем сөйлеуге баулитын сайыс биыл 7-ші рет ұйымдастырылған. «Шешендік – әдемі сөйлеу ғана емес, ол терең ойлау өнері»,– дейді «Ділмар» жобасының авторы – Жарқын Сәленұлы. Байқауда еліміздің 10 өңірінен іріктелген 18 оқушы сүбелі сөз, кесімді пікір айтып, шешендіктерін ортаға салды. Қатысушылар күнделікті қолданыстан қалып бара жатқан ұлттық дәстүрлерге қатысты сөздерді талдап, әдеби шығармалар, мақал-мәтелдерден мысал келтірді. Қарсыласымен пікірталасқа түсіп, дәйекті ойларымен даралануға тырысты. Мұндай жобалар оқушылардың тұлға болып қалыптасуына оң ықпал етпек.
Қайрат Мұқашев, Абай ұлттық мектебінің директоры:
-Мектебіміз қазір ұлттық құндылықтармен қатар терең білімді бірге алып жүретін білім ордасына айналуды негізгі миссиясы ретінде қабылдайды Оқушылардың сөз мәдениеті, олардың сахнадағы мәдениеті, сөздің қадірін түсінуі, ойларын еркін жеткізуі, пікірталасқа мәдеиетті түсуі осының барлығын үйірмелар, осындай жобалар арқылы дәріптейміз және оқушылардың бойына сіңіреміз.