Ұлттық киім неге тек мерекеде ұлықталады?

  • 6
  • 05.12.2025, 18:38

Бұрын осындай сұрақ қоюшы едік. Ал қазір басына тақия, шашына шолпы таққан кішкентай бүлдіршіндерді немесе үлкен жиында оюлы шапан киген ел ағаларын көрсек таң қалмаймыз. Себебі ұлттық нақыштағы киім біздің күнделікті өмір салтымызға айналуда.

«Әдемі» балабақшасының әр жұма күнгі таңы осылай басталады. Қазақтың ұлттық киімін киген бүлдіршіндер, қолдарын жүрек тұсына қойып, «Менің елім» деп гимн орындайды. Әдемі көрініс. Бес минуттық іс-әрекеттің өзінде Отанға, ұлтқа, елге деген сүйіспеншілік дәріптеліп жатыр. Оң-солын енді танып келе жатқан балалар күні бойы осылай киініп жүреді. Өздеріне ұнайды. Көздері де үйреніп қалған. Себебі мұнда бала ғана емес, тәрбиешілер қауымы да ұлттық нақышта киінеді. «Ал ұлттық киімді балабақшадан бастап дәріптеу аса маңызды дейді»,– ұжым басшысы. 

Динара Базарбай, №76 «Әдемі» балабақшасы МКҚК меңгерушісі: 

-Ол баланың санасында, ақылында ұлттық сана мен тұтастықты ерте жастан бастап қалыптастырады және екіншіден, баланың ұлттық киім киюі ол өзінің халқы туралы, халқының ерекшелігін, мәдениетін, дәстүрін оған денесімен сездіре біледі. Әр бала ол, мысалы, фильмде көргендерден немесе басқа жерлерден көргендерден әлдеқайда әсерлі. Бала сол киімді киген кезде өзінің қазақ болып туғанын мақтан ететін және денесімен бұл рухты тәрбие ретінде өзіне сіңіре біледі.
 

Бұл үрдіс мектеп пен жоғары оқу орындарында да жалғасып отыр. «Осылайша, өскелең ұрпақ тек білім алып қана қоймай, сол білімдерін ұлттық болмыспен қабылдауды үйреніп келеді»,– дейді педагогтар қауымы. Сондықтан болар қазір этностильдегі киім үлгісіне әсіресе, жастар арасында сұраныс көп.

Алтынай Рысбекова, тігін шебері, дизайнер: 

-Сұраныс бар. Бұрыңғы кезде үлкен кісілер тек наурызда, мейрамда ғана киюші еді ғой. Қазіргі кезде жастар өте көп сұрап жатыр. Сұраныс болғаннан кейін бізде заказ көбейді. Жастарға сай, заманға сай киімдер тігіп жатырмыз. Бәрі қазақша, ұлттық нақышта, этностильде жасап беріңіз деп сұрайды бізден.


Ал қазақ халқының мәдениеті, киім үлгісі өзіміз түгілі, өзгеге де қызық. Мұны әлемдік подиумдарға эксклюзив киіп тігіп, ұлттық пәлсапаны жаһанға дәріптеп жүрген сәнгер Ханым Айдаш айтып отыр. 


Ханым Айдаш, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, сәнгер, этнолог:

-Қазақтың өрнегі, қазақтың әрбір қол жұмысы, әрбір киімі ол қазақ өмірінің үлкен философиясы. Оның өркендеуін, оның жаңалығын, оның ғасырлар бойғы еркіндігін, өмір-сүру салтанатын көрсетіп отырған.


«Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл өте жақсы үрдіс
»,– деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы Ұлттық Құрылтайда айтқан еді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім, бұл біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек.


Бүгінде түрлі мемлекеттік мекемелерде және жекеменшік компанияларда ұлттық киім кию үрдіске айнала бастады. «Хабар» агенттігінің ұжымы да апта сайын «Дәстүрлі жұма» іс-шарасын өткізіп, ұлттық нақыштағы киімнің дәріптелуіне үлесін қосып жүр. 

Алуа Маханбет, Бауыржан Ебелеков