Құрылтайдан кейін журналистермен болған кездесуде Мемлекет басшысы сәлемдесудің жөн-жоралғысы туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, ер мен әйелдің құшақтасып, бетінен сүйіп амандасуы – қазақ дәстүріне жат. Президент: «Сәлемдесуді тәрбие мен мәдениеттің көрінісі», - деп бағалады.
Зиялы қауым өкілдері де ұлттық құндылыққа негізделген әдеп мәдениетін қалыптастырудың маңызын атап өтті. Қаламгерлердің айтуынша, қазақ дәстүрінде әр сәлемдесудің өзіндік әдебі бар.
Қансейіт Әбдезұлы, әдебиеттанушы:
- Дәстүрімізде сәлемдесудің өзі ғасырлар бойы қалыптасқан, сыннан өткен үлгісі бар. Еркектің еркекпен құшақтасып, бетінен сүйіп амандасуы біздің елде, халқымызда болған емес. Біз ата дәстүрімізде қалыптасқан үлгімен сол қолды кеудеге қойып, оң қолды ұсынып сәлемдескеніміз жөн. Ата-баба дәстүрінің жолымен жүруіміз керек.
Нұрлан Оразалин, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері:
- Сәлемдесудің қазақ ұғымында екі маңызды бөлігі бар. Біріншісі - амандасу. Күнделікті үлкен кісілерге сәлем беру. Әжелеріміз жетектеп әкеліп: «Мынау атаңа амандас», - деп отыратын. Бұл – ұлттың ұлттық сипатын сақтау жөніндегі басты мектеп. Бір ғасыр емес, бірнеше ғасыр бойы қалыптасқан дәстүр. Амандасудың екінші баламалы үлгісі бар. Ол көрісу.