Қарағандыда театр фестивалі басталды

  • 6
  • 13.10.2026, 18:55

Қарағандыда Әшірбек Сығай атындағы «Сын-шын болсын...» атты ІІІ республикалық театр фестивалі басталды. Өнер мерекесі аясында белгілі театр сыншысының шығармашылық мұрасы ұлықталады.

Фестиваль аясында Алматы, Астана, Тараз, Көкшетау және Семей қалаларынан келген театр ұжымдары үздік қойылымдарын көрерменге ұсынады. Фестиваль бағдарламасына жанры әртүрлі алты спектакль енген. Көрермендер «Макбет» және «Қарагөз» трагедияларын, «Парасат майданы», «Қараш асуындағы баллада», «Соқырлар» және «Ұлпан» драмаларын тамашалай алады. Ұйымдастырушылар фестивальдің басты міндеті – жеңімпазды анықтау емес, тәжірибе алмасу екенін атап өтті.

Кеңес Жұмабеков, Қазақстанның халық әртісі:

- Әрбір театрдың өз ішінде ғана емес, республика көлемінде де ерекшеленіп, үлкен фестивальдерге қатыса алатын спектакльдер фестивалі деп қарау керек. Мысалы, біз де таңдаған кезде сондай спектакльдерді таңдадық. Бүгінгі күнге сай, бүгінгі көрермен көре білетін, түсіне білетін, қабылдай алатын спектакльдерді әкеліп жатыр. Бұл ғажап қой!