Қазақ балалар әдебиетіне қаламгерлер жетіспейді
Тіпті осы жанрда қалам тербеуге жас әдебиетшілер де құлықсыз. Оған не себеп? Қайтпек керек?
Оның үстіне қазір жазғы демалыс басталды. Балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, кітап оқып, рухани азық алатын кезі. Бірақ дүкен сөрелерінен санаулы ғана қазақ тіліндегі әдебиетті көреміз.
Эльвира бос уақытында әдеби кітаптарды, қазақ халық ертегілерін оқығанды жақсы көреді. Бірақ кішкентай оқырман көбіне кітап дүкендерінен орыс тіліндегі дүниелерді алып оқуға мәжбүр. Анасы Гүлжамалдың айтуынша, қазіргі қаламгерлердің сауда орындарынан қазақ тіліндегі шығармаларын табу өте қиын.
Гүлжамал Дәстенова, қала тұрғыны:
- Белгілі бір шығармасымен баланың есінде қалған жазушыларды білмеймін. Мүмкін жазып жатқан шығар. Ешкімнің жеке басына ештеңе айта алмаймын. Бірақ бізге қолжетімсіз. Біз баратын сауда орталықтарында, арнайы дүкендерде қазақтілді шығармалар мүлдем жоқ. Мен осы қаладағы барлық кітап дүкенін балаларым үшін ерінбей аралап шыққанмын.
«Кішкентай кітапқұмарлардың сұранысын бүгінгі қазақ қаламгерлері қанағаттандыра алмай жатыр дей алмаймыз», – дейді балалар жазушысы Серікбол Хасан. Оның сөзінше, балдырғандарға арнап өлең, әңгіме жазып жүргендер баршылық. Дені – өзі секілді жастар. Тек олардың шығармасына насихат жетпейді. Қолдау жоқ.
Серікбол Хасан, балалар ақыны:
- Кітапты шығарған кезде автор, үйлестіруші және сол кітапты насихаттайтын әдеби агент немесе менеджер тағайындау сияқты жұмыс жасалауы керек. Мемлекет балалар әдебиетіне қамқорлық жасауы тиіс. Баспалардың да авторлармен жұмыс істеуі керек. Ал біздегі баспалардың күні мемлекетке қарап отыр.
Өз заманында бүтін бір буынды тәрбиелеген Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» секілді шоқтығы биік туындылар қазір жоқтың қасы. Осы орайда қаламгерлер: «Балалардың көкжиегін кеңейтетін шығармалар дүниеге келуі үшін конкурстар жиі ұйымдастырылып, қаламақы төленуі керек», – дейді. Қаламгердің классикалық шығарма жазуы үшін материалдық жағдайы да жаман болмауы тиіс.
Толымбек Әбдірайымов, балалар жазушысы:
- Қаламақы төленуі керек. Ол жазушыларды ынталандырады. Әдеби бәйгелер жиі болуы қажет. Жазылған шығармалар кітап дүкендеріне түсуі керек. Сонда ғана оқырмандар оқиды, қаламгерлерді таниды, біледі. Әйтпесе жақсы шығармалар бар. Тек оқырманға жетпей жатыр.
Қалай дегенде де балалар әдебиеті бүгінде қолдауға зәру, демеуге мұқтаж. Жазушы, баспа, мемлекеттік қолдау. Осы үштік өзара әсем үйлескенде мәселені шешуге болады.
Авторлары: Азамат Әбілқайыр, Аян Сәрсенбаев, Жандос Сұлтанғазы