Қарақат Башанованың Junior Eurovision 2020 байқауының ақтық сынына дайындығы қалай?
Осы жарыста ел намысын қорғайтын қазақстандық кішкентай әнші Қарақат Башанова қазір қызу дайындалуда. Байқауға киетін көйлегін тіктіріп, «Forever» әніне сахналық нөмір әзірлеген.
Бұл – Алматыдағы студиялардың бірі. Түсірілімге 50-ге жуық адам жұмылдырылған. Барлығы да Қарақаттың жеңіске жетуін қалайды. Әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты биыл Junior Eurovision 2020 байқауы оған қатысушы елдерде телекөпір форматында өтеді. Сондықтан жеткіншектер әндерін өз елінің сахнасында айтып, жазбасын байқауға жібереді.
Қарақат Башанова, Ұлттық іріктеудің жеңімпазы:
- Алматыға жақында келдік. Содан бері осы жерде жүрміз. Бұған дейін астанада дайындалып жүрдік. Ол жерде түрлі сұхбат, актерлік шеберлік, вокал және тағы да басқа үйірмелер болды.
Қарақаттың сахналық келбетін стилист Анарбек Жәрдемов әзірледі. Ұзын ақ көйлек жеңіл және әдемі көрінеді. Ол періштенің бейнесін еске түсіреді. Көйлекті тігуге 150 метр мата пайдаланылған. Оны алты ісмер екі аптаның ішінде тігіп шығыпты.
Анарбек Жардемов, стилист:
- Ақ түсті тегін таңдаған жоқпыз. Өйткені бұл әнді тыңдаған кезде тазалықтың, өмірден өтіп кеткен әкесіне деген сағыныш, балалық пәк махаббаттың лебі есіп тұрады. Көйлекке жібек, шифон және басқа да маталарды қолдандық.
Ал сахналық көріністердің режиссері – Андрей Хван. Шығармашылық топ идеяны жетілдіруге, реквизиттер мен декорацияларды дайындауға екі ай кеткенін айтты. Байқауды ұйымдастырушылардың талабы қатал. Барлық бала бірдей сахнада ән айтуы тиіс. Рұқсат етілмеген технологиялық шешімдерді қолдануға тыйым салынған.
Андрей Хван, режиссер:
- Бұл – кез келген тыңдарманға ой салатын, толғандыратын ән. Қарақаттың әнін тыңдаған адам осы оқиғаны ой елегінен өткізіп, оның жан дүниесін ұғынады деп ойлаймыз. Сондықтан сахналық көріністі барынша түсінікті етіп түсіруге тырысудамыз.
Junior Eurovision 2020 байқауының гранд-финалы 29 қараша күні өтеді. Тынбай еңбектеніп, дайындалып жүрген Қарақат: «Жарыста топ жарсам», – дейді. Өзге елдің өрендері де жеңістен үмітті. Жеңімпаз қазылар алқасының және көрермендердің онлайн дауыс беруі арқылы анықталады. Сондықтан әлемдік додада ел намысын қорғаймын деп талпынған өренімізге қалыс қалмай дауыс берейік.
Ұлан Нарынбек, Нұрдәулет Жақсыбаев