Ертең «Хабар» арнасында «Дала battle» деп аталатын реалити-шоу басталады
Телевизиялық шоуға қатысатын танымал спорт жұлдыздары мен өнер майталмандары сан түрлі қауіпті сынақтардан өтіп, ұлттық және халықаралық спорт түрлерінен сайысқа түседі.
«Дала battle» реалити-шоуын көрермендердің асыға тосып отырғаны анық. Өйткені бұл – тек жүректі де білекті жігіттер қатысатын теңдесіз жоба. Спорт серкелері мен өнер жұлдыздары жұптасып, сан түрлі сынақтан өтеді. Бұл тек қана спорттық сайыс емес, білім мен ақыл-ойдың да таразыға тартылатын кезі. Үміткерлер қыл көпірмен өтіп, тауға өрмелейді. Асау мініп, садақ тартады. Биіктен секіріп, ақын өлеңдерін жатқа оқиды.
Асылхан Төлепов, актер:
– Өмірі істеп көрмеген нәрселерімді істедім. Ішкі жан дүниемдегі жат нәрселер бар еді соларды жеңе білдім. Тауға өрмелеп шығуды өмірі істеп көрмеген едім. Биіктігі – 127 метр, ұзындығы 546 метр тарзанкамен секіру дейді. Оны да істеп көрмегенмін.
«Бұл бағдарламаның жастарға берер тәлім-тәрбиесі мол», –дейді жоба жетекшілері. Жастардың спортқа деген құлшынысын арттырып, оларды шыдамдылыққа, төзімді болуға шақырады. Сондай-ақ бұл шоуда ұлттық спортымыз да кеңінен дәріптеледі.
Мейіржан Әлібек, жоба авторы әрі продюсері:
– Мен бұл жобаға іштей сендім. Жобаның қуаттылығына, идеологиялық тұрғысынан бұның халыққа берері көп екенін біліп, «Хабар» телеарнасының басшылығына келіп ұсындым. Ол кісілер өте жақсы жылы қабылдады.
Бұл реалити-шоуда жігіттердің жан-жақты екенін, олардың қаншалықты шапшаң және шымыр екенін көруге болады. Тіпті кейбір актерлер спортшылар қолынан келмейтін рекордты жаңартса, спортшылар білімнен кенде емес екенін көрсетеді.
Шоуға Ақжүрек Таңатаров пен Арман Оспанов, Айдар Шәрібаев пен Асу Алмабаев секілді спортта жұлдызы жанған жігіттер мен Асылхан Төлепов, Дәурен Серғазин, Тәуекел Мүсілім бастаған актерлер қатысады.
«Дала battle» тұсаукесері 16 қаңтарда 19:00-де «Хабар» арнасында көрсетіледі. Бағдарламаны әр апта сайын тамашалап отыруларыңызға болады.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов