Қарағандыда дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың құрметіне «Қасым үйі» ашылады
Евней Бөкетов атындағы Қарағанды университеті жанынан құрылған «Қасымтану» орталығы ақынның өмірі мен шығармашылығын жаңа қырынан зерттейді. Ал жуырда орталық ғалымдары Алматы мен Оралға экспедиция жасап, құнды деректерге қол жеткізді. Осының барлығы Қарағандыда өткен «Қасымтанудың қазіргі мәселелері» атты халықаралық жиында айтылды.
Қазақ поэзиясына жаңа бетбұрыс әкелген Қасым Аманжоловтың 110 жылдық мерейтойы туған өлкесінде кеңінен аталып өтпек. Бұл жайында кеншілер шаһарында өткен халықаралық дөңгелек үстелде айтылды. Дауылпаз ақынның өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында Қасым оқулары, жыр мүшәйрасы, конференция ұйымдастырылып, Қасым әндерінің аудио жинағы жарық көрмек.
Абзал Нүкенов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:
- Биыл бұйыртса Қарағанды орталығынан арнайы ғимарат таңдалып, осындағы зиялы қауым өкілдерінің ұсынысымен, әкімнің қолдауымен ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп жатырмыз. Күзде Қасым атамыздың туған күнінде оны да ашу жоспарланып отыр.
Тағы бір сүйінші хабар, қарағандылық ғалымдар мен өлкетанушылар, қаламгерлердің басын біріктірген «Қасымтану» орталығы жуырда Алматы, Орал, Семей қалаларына экспедиция жасап, олжалы оралды. Оралдағы мұрағаттан Қасымның «Екпінді құрылыс» газетіне шыққан өлеңдері, публицистикалық мақалалары табылған. Ал ақынның қызы Дариға Аманжолова құнды қолжазба мен жәдігерлерді сыйға тартыпты.
Жансая Жарылғапов, «Қасымтану» орталығының жетекшісі:
- Қай шығармасы қай уақытта дүниеге келді, қайда жарияланды, жалпы өмірі мен шығармашылығына байланысты өзі құрастырған картатеканы берді. Бұл бір, екіншісі, қазір елдің қолында жоқ сирек қолжазбалар қорында ғана қалған 1938 жылғы «Өмір сыры» атты кітабынан бастап сонау ескі кітаптарының барлық нұсқасын біздің қолымызға тапсырды.
Айта кету керек, биыл Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығының библиографиясы, ақынға арналған академиялық сөздік пен тұлғалық энциклопедия жарық көрмек.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев