Kinopark және Kinoplex кинотеатрлар желісі тағы бір жаңа туындыны таспалауға кірісті
«Ағашки по вызову» деп аталатын кинокомедия көп ұзамай үлкен экранға шығады. Түсіруші топ: «Бұл фильм көрермен көзайымына айналады», – деп үміттенеді.
Tiger Films компаниясының қолға алған жаңа туындысы екі дос жайында. Олар үлкен қаладағы қонақ үйлердің бірінде электрик болып жұмыс істейді. Бірде екеуі қылмыс әлемінің серкелеріне тап болады. Бірақ жағымсыз басталған оқиға кейіннен достардың өміріне оң өзгеріс әкеледі. Фильм желісі солардың төңірегінде өрбиді.
Олжас Әлжанов, актер:
- Бұл кино негізі Кинопарк және Тайгер продакшн бастаған туындылардың бірі. Үшінші фильм. Үшінші туындыға мені шақырды. Кинокомедия. Мен соның ішінде «Фернандо» деген образды сомдайтын боламын. Менің кейіпкерім негізі өте бір қызықты кейіпкерлердің бірі. Өйткені бұл – комедия. Сондықтан бір қатты ашып айта алмаймын. Кино біткеннен кейін көретін боласыздар.
Кинода басты рөлді Рүстем Жанаманов пен Ерлан Пірімбетов сомдайды. Сондай-ақ продюсер Баян Алагөзова мен әнші Луина да бой көрсетеді. Фильм режиссері – телесериал түсірудің шебері Дархан Сәркенов. Түсіруші топ әзірге сценарийін ашып айтқысы жоқ.
Дархан Сәркенов, режиссер:
- Сценарийі өте қызық. Оқиға желісі бойынша екі электрик қызық оқиға тап болады да, сол оқиғадан шығудың амалын іздеп, неше түрлі жұмыстар іздеп кетеді. Қандай жұмыс істейтінін менің ойымша, әлі де айтуға болмайтын сияқты. Кино саласындағы жүрген мамандарды шақырдық.
Фильм отбасымен бірге отырып көруге арналған. Оны түсіруге 70-ке жуық адам тартылды. Айта кетейік, Tiger Films продюсерлік компаниясы бұған дейін «Маша және Дударай» мен «Менің үлкен қазақ отбасым» комедиясын түсіріп, жұртшылық назарына ұсынды. Ал «Ағашки по вызову» үлкен экранға келесі жылдың ақпан айында шығады.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев