Опера әншісі Әлібек Дінішев 70 жасқа толды
Қазақстанның және КСРО-ның Халық артисі атағын бірдей иеленген әншіні өз елімізде ғана емес, шет жерде де сүйіп тыңдайды. Отандық мәдениетті дамыту мен музыка өнерін дәріптеудегі айрықша еңбегі үшін Президент Жарлығымен Әлібек Дінішевке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.
Әлібек Дінішевтің концерттері әрдайым аншлагпен өтеді. Оның табиғи талантына өнерсүйер қауымның құрметі шексіз. Музыкада шекара жоқ. Сондықтан оны әлемнің ең атақты сахналарының өзі асыға күтеді. Расында, ол дүние жүзінің ең таңдаулы концерт залдары мен театрларында өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Әлібек Дінішев өнерге жақын отбасында туып өсті. Анасы Кәмила – атақты әншілер Ришат пен Мүсілім Абдуллиндердің қарындасы. Кішкентайынан музыкаға деген қабілетін байқаған ата-анасы оны музыкалық мектепке оқуға береді.
Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның Халық артисі:
- Әлібектің әнші болып өскеніне мен таңғалмаймын. Ағалары, шешесі – бәрі әнші болғаннан кейін, олар әншілердің арасында музыкаға жақын болып өсті. Әлібек – өте нәзік әнші. Италияның әндеріне көп көңіл бөлетін. Қолынан келгеннен кейін италянша, немісше де, қазақша мен орысша да айтады. Құдайға шүкір, ол – еліне елеулі, халқына қадірлі азамат.
Ол музыкалық мектептен соң Чайковский атындағы музыкалық училищеде білім алады. Оны бітіргеннен кейін Құрманғазы атындағы консерваторияның вокал класына қабылданады. Нағыз кәсіби әншілікке ұстазы Нәдия Шәріпова баулиды. 1975 жылы Михайл Глинки атындағы бүкілодақтық вокал байқауында «Я помню чудное мгновенье» романсын орындап, бірінші орынға ие болып, лауреат атанды. Осыдан кейін талай өнер додаларында топ жарды.
Роза Рымбаева, Қазақстанның Халық артисі:
- Әлібек Дінішев – мен үшін ең жоғары тұлға, ең жоғары бейне, ең жоғары жұлдыз. «Ондай дауыс 100 жылда бір рет келеді» дейді. Әлібек ағамызға денсаулық тілеймін. Әрқашан шығармашылық кешіңізді асыға күтетін көрермен ретінде шын жүректен мерейтойыңызбен құттықтаймын.
Әлібек Дінішев Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында және Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық Опера және Балет театрының әншісі болды. Ол 1978-1980 жылдардың өзінде Алжир, Перу, Португалия, Финляндия, Швеция, Морокко сияқты бірнеше елде концерттік сапармен болып қайтты. Оны қазіргі аға буын опера өнеріндегі қайталанбас тұлға деп таниды. Ал, жастар оған қарап бой түзейді. Жезтаңдай әншінің «Әлібек Дінішев атындағы вокал академиясы» бар. Ол әлі талай шәкірт тәрбиелеп, қазақ музыкасының, өнерінің дамуына үлес қоса бермек.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев