Академик Серік Қирабаев өмірден өтті
Дүниеден аңыз адам, абыз адам көшті. Өйткені «Сераға» аталып кеткен Серік Қирабаев қазақ әдебиетіне, қазақ мәдениеті мен руханиятына өткен ғасырдың екінші жартысында келген. Күні кешеге дейін сөзінен жаңылмай, қаламын қолынан түсірген жоқ. Отыз жылдам астам уақыт Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қызмет етті. Содан кейін жеті жыл бойы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтын басқарды. Ол қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясы, сыны жөнінде сүбелі еңбектер жазды. Нақтырақ айтсақ, қырықтан астам монографияның, 800-ден астам әдебиет сыны, теориясы жөніндегі мақаланың авторы.
Кенжехан Матыжанов, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры:
- 92 жасқа келген шағында екі сағат бойы шежірелік әңгіме айтты. Сол кезеңде Сәкен Сейфуллиннен бастап Қасым Аманжоловқа дейінгі қазақ әдебиетін, қазақ поэзиясын әлі күнге дейін жатқа айтатын. Мәселен, Қасым Аманжоловтың жарияланбаған өлеңдеріне дейін білетін. Сондай шешен, көргені көп, түйгені мол, шежіре адам еді.
Серік Қирабаевтың шоқтығы биік еңбектерінің бірі – Жүсіпбек Аймауытовтың шағырмашылығы туралы монография. Осы арқылы Алаш арыстарын ақтап, ұмыт болған еңбектерін қазақ әдебиетінің қатарына қосты. Марқұм жүздеген шәкірт тәрбиелеп, Қирабаев мектебін қалыптастырған. Ол – күні кешеге дейін мектеп қабырғасында оқытылған «Қазақ әдебиеті» кітабының авторы. Жалпы жиырмадан аса оқулық жазып, 50-ден астам ғылым докторы мен кандидатын тәрбиеледі.
Гүлжахан Орда, С. Қирабаевтың шәкірті:
- Жүсіпбек Аймауытов туралы ізденіп келген бірнеше ғылым кандидатына жетекшілік жасады. Жүсіпбек Аймауытовтың әдеби мұрасын жан-жақты зерттеуге бағыт-бағдар беріп отырды. Ізденушілерге қоятын талабы тақырыпқа тыңғылықты, тиянақты даярлық еді, тиіп-қашып жұмыс істегенді қаламайтын. Өзі сияқты әдебиетке бүкіл ғұмырын арнап, соның соңына түскен шәкірттерін жақсы көрді.
Серік Қирабаев 1927 жылы 23 наурызда Қарағанды облысы Жаңарқа ауданы Атасу ауылында туған. Ұзақ жылғы еңбегі бағаланып «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» атанып, «Отан» орденімен марапатталды. Академик көзі тірісінде қазақ әдебиеті тарихының 10 томдығын ұрпаққа мұра етіп кетті. Оның жарқын бейнесі әрдайым ел есінде сақталары сөзсіз.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарынбаев