Маңғыстаудағы Қарауылкүмбет кесенесіне реставрация қайта жалғасады
Мұнда Алтын Орданың биі Едіге батыр жерленген деген болжам бар. Сонымен қатар тағы екі тарихи нысанды қалпына келтіру жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа жергілікті қазынадан 100 млн теңге қаражат қарастырылған. Айта кетейік, Маңғыстауда биыл шағын он шақты белгісіз қорым табылды.
Әйгерім Ашықбаева, тілші:
- Біз Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентінің оңтүстік шығысынан 40 шақырым жердегі Қарауылкүмбет биігінде тұрмыз. Бұл жерде көне қорымдар көп. Соның ең көрнекісі – биіктігі 8 метрлік күмбез. Тарихшылардың айтуынша, бұл XV ғасырдың сәулеттік ескерткішіне жатады. Кесененің хас бетінде Едіге деген жазу, төменгі жағында «Едіге баһадүр, би болды, Әбубашар» деген жазу таңбаланған. Өлкетанушылар мұнда нақ Алтын Орданың бас биі, ноғайлының негізін қалаушы Едіге батырдың кесенесі болуы мүмкін деген болжам жасаған еді.
4 жылдан бері Қарауылкүмбет кесенесі көптің назарында. Облыстан арнайы экспедиция құрылып, әлі күнге зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Реставрация барысында тың ақпарат табу көзделген.
Елдос Еміл, «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» мекемесі директорының міндетін атқарушы:
- Ішінде жатқан адамдарды қазып алды, днк-сын анықтау үшін шетелге лабороторияға жіберді. Сосын Хиуадағы, Өзбекстандағы маңғыттарды іздеп тауып, олардың сілекейін алып, зерттеп жатыр. Өткен жылы реставрация жұмыс басталды да, яғни жыл соңында тоқтаттық. Ауа райы жылы болуы керек. Реставрация жасалған кезде температура 5 градустан жоғары болуы керек, одан төмен болса, жұмыс сапасыз болады.
Былтыр басталған реставрация жұмыстары аясында тек тастары жиналыпты. Жыл аяғына дейін күмбезді көтеру жоспарланған. Қарауылкүмбетпен қатар, биыл Түпқарағандағы ескі армяндар шіркеуін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Осылайша, бұл жерлерге шетелдік туристерді тарту көзделіп отыр. Өңірде былтыр барлау экспедициясы құрылып, белгісіз ескерткіштер зерттеліп жатыр.
Гүлзайда Төлеуғалиева, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары:
- 2021 жылы тоғыз тарихи-мәдени мұра объекті анықталып, алғашқы есепке алу жұмыстары жүргізілді. Олар: Бейнеу ауданына қарасты Манашы үйігі, Серікбай, Серікбай 2 (Мажақай) қорымдары, Қарақия ауданы бойынша Сорбұлақ 2, Аққуыс, Аққуыс 2 қорымдары. Сондай-ақ Маңғыстау ауданындағы Есет ата жерасты мешіті, Мұнайлы ауданы аймағындағы «Песчаний» маягі және Түпқараған ауданы аймағындағы «Қызылөзен» маягі тарихи-мәдени мұра объектісі бойынша фотофиксация жұмыстары жүргізілді, құжаттары жасақталды.
Қазіргі таңда облыс көлемінде 590 ескерткіш мемлекеттік қорғауға алынған. Соның 20-ы – республикалық дәрежедегі мәдени мұра. Алдағы уақытта тарихи ескерткіштерді ғана емес, ауыл-аймақтағы қараусыз қалған нысандарды да қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек.
Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев