Голливудтық киноөнімдерді қазақ және орыс тілдерінде дыбыстау қолға алынды
Яғни ресми түрде орыс тіліндегі дубляж тоқтатылды. Ал еліміздегі кинонарықтың 50% астамы осы шетелдік өнімдерге толы болғандықтан, орыс тіліндегі аудармадан біз де құр қалып отырмыз. Енді осы жағдайды өз пайдамызға жаратып, отандық дубляжды дамытатын зор мүмкіндік туып отыр. Тіпті дәл сол Тор, Темір адам, Өрмекші адам сынды сүйікті кейіпкерлердің дауысын айнытпай сала алатын актерлеріміз де жеткілікті екен.
Танымал голливудтық студиялар көрші ел нарығынан кеткенімен, қазақ және орыс тіліндегі дубляждарды өзімізде жасауға мүмкіндік беріп отыр.
Дубляж актеры Санжар Мырзаханұлының айтуынша, қазақша аудармалар құлаққа түрпідей тимес үшін отандық дубляж мектебіне түбегейлі өзгерістер қажет.
Санжар Мырзаханұлы, дубляж актері:
- Бізде дубляж мектебі бар. Бірақ ол өте ескіріп кеткен. Жоқ, ескірген жоқ, біздің дубляж мектебіміз театрлықпен құртылды. Мысалы, Кеңес үкіметі кезіндегі фильмдерді қарасақ мықты дыбысталған. Актерлер өз персонаждарымен біте қайнасып кетеді, дауыстары, липсинг келеді, бір сөзбен, мықты дыбысталған.
Өзгеріс дегенде бізге жаңа режиссерлар керек, жаңа дубляж мектебі, жаңа актерлік мектептер керек.
Қазір «Қазақфильм» киностудиясы қазақ және орыс тілдеріндегі дубляжға жаңа дауыстар іздеуде. Ол үшін мамандар дикциясы таза, ешқандай акценті жоқ адамдарды қарастырып отыр. Ұсыныстар алыс-жақын шет елдерден де келуде.
Гүлназид Омарова, дубляж режиссері, актриса:
- Қазір тиісті келіссөздер жүріп жатыр. Әзірге өзіміздің фильмдермен жұмыс істеудеміз. Егер голливудтық кинолар келетін болса, ең әуелі мәтінін орыс тіліне, содан соң қазақ тіліне аударудан бастаймыз. Одан соң кәсіби дыбыстау басталады.
Әрине, сапалы дубляж жасау қаржыға да байланысты. Оның үстіне фильмдерді де тез арада әзірлеу қажет. Мәселен, қазір бізде бір киноға 3 ай қажет. Ал Ресейде дубляж 5 күнге ғана созылады. Тағы бір маңызды мәселе – ол мәтін аудармасы. Жасыратыны жоқ көбіне қазақ тіліне сөзбе-сөз аударылатындықтан, сөйлемнің мағынасы бұзылып, мүлдем түсініксіз сөздерді естіп жатамыз.
Санжар Мырзаханұлы, дубляж актері:
- Мысалы анимені алайық, жапон тілінен аударған кезде актерлер не туралы сөйлеп жатқанын түсінуі керек. Аударып қана қоймай, қазақы түсінікке сай сөздермен алмастырып отыру қажет. Мысалы, жапон тілінің өз идиомалары бар. Сол идиомаларды қазақшаға адаптация жасау керек. Жапон тілінде «сакура гүлдеді» дегенді қазақшаға аударғанда «наурыз келді» деп берген жөн. Сол кезде көктем мезгілі келгені бірден түсінікті болады.
Тағы Қазақстанда әйелдер дубляжын да дамыту маңызды. Себебі олардың дауысы көбіне фильмдерде балалардың аудармасына пайдаланылады. Дубляж актрисасы Әсел Досмұхамедтің айтуынша, қазіргі басты проблема қазақ тіліндегі балалар контенті дамымаған.
Әсел Досмұхамед, дубляж актрисасы:
- Өз жерімізде дубляж жасау – бұл жаңа белесті бағындыру дегенді білдіреді. Менің ойымша, қазақстандық актерлер мен актрисалардың дауысын танитын кез келді.
Отандық кинонарықта қазақтілді контенттің көп болуын қазақстандықтар да күтіп жүр.
Болашақта біз Голливудтың ірі бес киностудиясының сапалы дубляждалған туындыларын көреріміз анық. Әрине, оны өзгенің емес, өзіміздің актерлар дауыстайды. Қазір Мәдениет және спорт министрлігі шетелдік компаниялармен тиісті келіссөздер жүргізіп жатыр. Яғни дәл сол Пеннивайз, Тор, Өрмекші адам сынды сүйікті кейіпкерлеріміз үлкен экрандарда қазақ тілінде сөйлейді.
Авторлары: Риат Шони, Дәурен Жұрхабаев