Қазақстандықтар Ұлттық домбыра күнін атап өтуде
Таңертеңнен өнерлі өрендер күйден шашу шашуда. 200-ден астам оқушы қолына киелі аспапты ұстап, «Балбырауын», «Ерке сылқым», «Адай» сынды күйлерді шертіп, елдегі өзге де өнерпаздарға челлендж жолдады. Сөйтіп, бір күннің ішінде елімізде 2,5 мыңнан астам оқушы челленджге қатысып үлгерді.
«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра!» Елордалық балақайлар осындай челлендж бастады. Дарынды өрендер шілденің алғашқы жексенбісі ұлттық мерекені қал-қадірінше әспеттеп, ұлықтайтынын көрсетсе керек, шараның шымылдығын «Келіншек» күйімен түрді.
Қолына домбыра алған әр баланың киелі аспапқа келу жолы әрқалай. Бірінің әкесі, бірінің әпкесі себепші болған. Десек те барлығын біріктірер дүние – күйге деген ықылас.
Дәстүр Ғылымбекұлы, челленджге қатысушы:
- Домбыра – өте жақсы аспап, құдіретті, киелі аспап.
Әлихан Иманәли, челленджге қатысушы:
- Кейде достарыммен отырған кезде, оларды қуантып жіберу үшін домбырамен өлең айтып жіберемін.
Расында, қуанышты да, мұңды да домбырамен жеткізген халықпыз. «Бүгінде бұл игі дәстүрдің қаймағы бұзылмай, өскелең ұрпақ та қолына домбыраны алғаны қуантады», - дейді жиналғандар.
Мерекелік шара «Нұрлы жол» аллеясында жалғасты. «Алтын домбыра» өнер орталығының 200-ге тарта оқушысы бір мезетте күй шертіп, жиналғандарды ұлттық өнермен сусындатты.
Күмбірлеген күйден бөлек, елорда тұрғындары мен қала қонақтары үшін мерекеге орай домбыраға қатысты сұрақтар қойылды. Викторина жеңімпаздарына түрлі сыйлық берілді. Айтпақшы, киелі аспап туралы білгіңіз келсе, елордадағы ұлттық музейде ерекше көрме жұмыс істеп тұр. Онда байырғы заманғы және заманауи домбыра түрлері ұсынылған.
Дана Әлиева, тілші:
- Қазіргі мен өткеннің домбырасының басты ерекшелігі – шегінде. Кезінде Жаяу Мұса, Құрманғазы аталарымыз ойнаған домбыраларының ішегі қой мен ешкі ішегінен жасалған екен. Мұндай аспаптардың дыбысы қоңыр үнге толы болған. Қазіргі шеберлер шектерді балық аулайтын қармақтың бауынан жасап жүр. Домбыра қанша өзгеріске ұшыраса да, ол қазақтың мәні, сәні, жаны болып қала бермек.
Авторлары: Дана Әлиева, Мұхамбедәли Тилдабаев, Ырыстанбек Оспанов