Ардақ Қабыханов ақтық сапарға аттанды
«Хабар» Агенттігі» үшін де бүгін қаралы күн... Әріптесіміз, белгілі журналист Ардақ Асылханұлын ақтық сапарға шығарып салдық. Бүгін Арқа жұрты онымен қоштасты. Ол небары 45 жасында кенеттен жүрек талмасынан қайтыс болды. 20 жыл журналистика саласында тынымсыз еңбек етіп, оның 15 жылында «Хабар» арнасының Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі болды. Қарапайым халықты мазалайтын ең өзекті мәселелерді шешуге ықпал етті. Соңында анасы, асыл жары мен үш баласы қалды. Иә, көңіл қимағанымен, ажал Ардақты арамыздан алып кетті. Жақсының өзі жер бесікке түскенімен, соңында өшпес өнегесі қалды. Әріптесіміздің жақындары мен туыстарына «Хабар» арнасының атынан қайғырып көңіл айтамыз...