«Аяз аға»: Жаңа жыл қарсаңындағы жаңа фильм
500 жыл өмір сүрген Аяз аға күйбең тіршіліктің жетегінде кеткен, сезімсіз суық жандардың жүрегіне жылу ұялатып, отбасы, махаббат сияқты құндылықтарды қайтарады. Отандық киногерлер қиял-ғажайып ертегі желісімен тың туындының тұсауын кесті. Жаңажылдық киноертегілердің қазақы нұсқасын авторлар адам бойында мейірімділікті, нәркес сезімдерді оятатын отбасылық кино ретінде сипаттайды.
Отбасылық киноертегі. Әдетте жаңа жылдың нышаны ретінде аяз атамен мұндаласа, бұл туындының реңкі басқа. Басты кейіпкер – Аяз аға.
Фильм 6 сыныптастың тағдыры арқылы қоғамдағы күйбең тіршілік, мейірімсіздік, отбасылық құндылықтарды тәркі етіп, дүниеқоңыздықтың тұрмыста алдыңғы қатарға шыққанын сипаттайды. Сенім мен сезім, жылылық пен махаббат келеңсіздіктер көлеңкесінде қалуға тиіс емес.
Бақтияр Қожа, актёр:
-Бәріне сенуден қалғанбыз. Ғажайыптар жоқ, тіпті Алла жоқ деген қазір ұғымға келіп жатырмыз. Бір қорқынышты заман болып барады. Бұл ертегі деп жатырмыз ғой. Ал ертегіде бәрі болады. Бұл бізге керек дүние деп ойлаймын.
Аяз ағаны Бақтияр Қожа сомдаса, жалмауыз бейнесінде — Баян Алагузова. Ал Рамазан Амантай бұл жолы эльф кейпінде.
Рамазан Амантай, актёр:
-Баяғы рөлдеріме ұқсамайтындай дүние жасауға мүмкіндік болғандықтан осы рөлге келістім.
Ертегілік киноны идеясынан бастап дайын өнімге дейін Tiger фильм компаниясы ұсынып отыр. Түсірілімдер жыл бұрын басталып, бас-аяғы 100 млн тг жұмсалған. Мұнымен тоқтамаймыз дейді.
Ерлан Бұхарбай, Tiger Films кино компаниясының бас продюсері:
-3 жылда біз 35-тен аса толықметражды фильмдерді түсірдік. Келесі жылға 20 кинотуындымен бірге Қыз Жібек пен Еңлік-Кебекті қайта түсіруді жоспарлап отырмыз.
Ал Аяз аға киноертегісі бүгіннен бастап еліміздің барлық өңірлерінде кинотеатрларға шығады. Авторлар жаңа жанрдағы туындының прокатынан жақсы нәтиже күтіп отыр.
Авторлары: Берік Дүйсенбай, Қанат Әбілдин.