Хабар телеарнасы

21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні

Бүгін – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Еліміздегі театр, музей, кітапхана, концерттік ұйымдар мен шағын өнер ордаларында 64 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Олардың барлығы еліміздің рухани дамуы үшін тыңбай еңбек етуде. Бүгін төл мерекелері болса да, киелі сахнада өнер көрсетіп жүргендері қаншама.

Аққанат Смағұлова, «Гүлдер» ансамблінің артисі:
-Бимен мен 4 жасымнан бері айналысамын, ол балабақша кезінен басталды. Анамның баулығаны да бар. Балет спектакльдеріне апаратын. Сол кезден бері қызығушылығым оянып, қазіргі күнге дейін енді өзімнің сүйікті ісіммен айналысып жүрмін.

Аққанат Смағұлова өнермен алғаш рет «Аққу көлі» балет спектаклінде танысқан. Жас қыздың бұл қойылымды ұнатуында да бір ерекшелік бар. Ол дүниеге келерде, жақындарының бірі түсінде бір топ аққу көріп, баланың атын Аққанат деп атасын деген аян алған. Сірә, бұл да сәйкестік емес шығар.

Бүгінде Аққанат – дарынды әрі талапты жастардың бірі. Саналы өмірін биге арнаған ол Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт ұйымының «Гүлдер» ансамблінде өнер көрсетеді.

Аққанат Смағұлова, «Гүлдер» ансамблінің артисі:
-Көрермендер енді дайын нәтижені көреді. Ал біз ол нәтижені көрсету үшін өте көп тер төгеміз. Біз бірінші міндетті түрде классикалық бимен айналысамыз. Ол біздің денеміздің қызуы. Өзіміздің күнделікті репитицияларымыз болады.

Бұл дайындықтар 7-8 сағатқа созылуы мүмкін. Топтық қажырлы еңбек нәтижесі кейін көздің жауын алатын әдемі қимылдарға ұласады.

Анвара Садықова, «Гүлдер» ансамблінің бас балетмейстері:
-Хореография – әлемдегі ең әдемі әрі ең күрделі өнер түрі. Бұл жұмыс күш пен ерік-жігерді, дарын мен тәртіпті талап етеді. Әртістеріміз күн-түн демей қолдан келгенше дайындыққа барын салады.

Осындай қажырлы дайындықтың арқасында Аққанат жуырда Германияда өткен «TANZOLYMP» беделді халықаралық хореографиялық байқауында алтын медаль алды. Әлем елдерінің 800-ден астам өнерпазын артта қадырып, алдағы гала-концертке «Халық биі» номинациясында жолдама алған жалғыз өнерпаз атанды. Бірақ ол мұнымен шектелмейді.

Аққанат Смағұлова, «Гүлдер» ансамблінің артисі:
-Қазақстанда басқа ұлттың билерін қойып беретін мамандар өте көп. Мен ол кісілерді қатты құрметтеймін. Бірақ маған өзіме сол ұлт өкілінің өзінен үйрену өте қызық. Себебі олар басқаша сезінеді ғой. Мысалы, біздің қазақ биімізді бізден артық ешкім билей алмайды.

Аққанаттың болашаққа жоспары көп. Дарынды қыз репертуарына халықтың биін барша жинап, шәкірт тәрбиелеуді мақсат тұтады.

Авторлары: Дана Әлиева, Қанат Абильдин