Батыс Қазақстан облысында «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында биыл колледждер мен кәсіптік білім беру мектептерінің 2 мыңдай түлегін жұмысқа орналастыру жоспарланған. Олар негізінен өндіріс орындарына жолданады. Жұмыс берушілердің айтуынша, бүгінде зауыт-фабрикаларға дәнекерлеуші, электрик және токарь мамандары ауадай қажет.
22 жастағы Тимур Ғаббасов жергілікті университетті былтыр бітіріпті. Өндірістегі қауіпсіздік техникасы инженері. Алайда мамандығы бойынша жұмыс таппаған. Жастар практикасы бағдарламасы бойынша трансформатор зауытына жолданған. «Осы жерде көп нәрсе үйрендім, университетте алған білімімді өндірісте қолдануға машықтандым», - дейді жас маман.
Тимур Ғаббасов, жас маман:
- Мында трансформатор не екенін, қалай құралады, қандай түрлері бар, қалай қызмет атқарады, бәрін үйрендім. Университет бітірген соң еш жерге жұмысқа алмайды, тәжірибе сұрайды, ал мұнда өтілсіз жұмысқа алады. Осында жүріп бір жыл жастар практикасын өтесің, әрі қарай келісіммен қалып, тәжірибе жинап алып, карьера құрып көтеріле бересін.
Қазір кәсіпорында 250 адам еңбек етеді. Бұл жерде қосалқы стансаларға қажетті трансформаторлар құрастырады. Келешекте өндірісті кеңейтіп, қызметкерлер санын 600-ге дейін жеткізу жоспарда. Ол үшін ең бірінші білікті мамандар керек.
Әділбек Ыспанов, өндіріс директоры:
- 50 тәжірибеден өтуші бар. Жылына 600-дей студентерді тәжірибеден өткіземіз. Бізде маман тапшы. Осы жерде үйретіп, көрсетіп, жұмысқа қабылдаймыз.
Жастар практикасы бойынша өңірдегі 330 кәсіпорын колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектерін қабылдауға дайын. Мамандардың айтуынша, күні бүгін еңбек нарығында жүргізуші, механизатор, токарь, темір жонушы және дәнекерлеушілерге сұраныс жоғары.
Айнұр Қазмұханова, «Еңбек ұтқырлығы орталығы» КММ директорының орынбасары:
- 2900 бос жұмыс орындарына сұраныс бар. Вакансиялардың 26% жұмысшы мамандықтар бойынша болып отыр. Жастар практикасы бағдарламасы өңірдегі жұмыс берушілерден сұранысқа ие бағдарлама болып табылады. Өйткені бағдарлама арқасында жұмыс берушілер жас маманды өздеріне 12 айға жұмысқа қабылдайды. 12 ай бойы еңбекақыны мобильді орталық төлейді. Еңбекақы көлемі 30 АЕК құрайды.
Биыл жастар практикасы бағдарламасын жүзеге асыруға облыс бюджетінен 1 миллиард 600 миллион теңге қаралған. Бағдарлама аясында 2 мыңдай жас маманды жұмысқа орналастыру көзделген.
Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақырап, Э. Аюпов