«Ана тілі» газетіне 35 жыл толды

  • 31
  • 22.05.2025, 19:28

Ұлт апталығы «Ана тілі» газетінің жарыққа шыққанына биыл 35 жыл. Алғашқы санынан-ақ ағартушылық бағытты, ұлттық мүддені мақсат тұтқан басылымның мерейтойына орай бүгін Алматыда газеттің бұрынғы редакторлары мен қызеткерлері бас қосты. 35 жылда газет бетінде жарық көрген сүбелі мақалалар жинақталып, кітап болып жарыққа шықты. 

Ұлттың үнпарағына айналған  «Ана тілі» газеті  Егемендікке аяқ басар тұста - 1990 жылдың 22 наурызында жарық көрді. Республикалық қазақ тілі қоғамының бастамасымен құрылған басылым жылдар бойы тіл мен мәдениеттің насихатшысы болып келеді. Жақында ғана Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында басылымның қоғамдағы рөлі мен маңызына ерекше тоқталған болатын. Мерейтойға орай Президент кеңесшісі  Бауыржан Омаров басылымның биіктен көрінуіне үлес қосқан азаматтарды марапатады.

Қали Сәрсенбай, ҚР Мәдениет қайраткері, «Ана тілі» газетінің 2021-2023 жылдардағы бас редакторы:

- «Ана тілінің» кезінде бірден биікке көтерлгені бұл басылымда ұлттық баспасөздің элитасы жиналды. Алғашқы редакторы Жарылқап Бейсенбайдан бастап, Жақаңның есімін ерекше айтуымыз керек. Тұңғыш осы басылымды жолға салған, тіпті реформа жасаған редактор деуге болады. Жұматай Сабыржанов, Марат Қабанбай одан кейін Бақыт Сарбалаев, Ертай Айғалиев, қайсібірін айта берсең, Байбота Қошым-Ноғай осындай-осындай мықты элита жиналды.

«Ана тілінде» көтерілген мәселелер ешқашан елеусіз қалған емес. Ұлттық мүдде, ұлт шежіресі, жер-су атауларын қазақшалау, төл мәдениетімізге қатысты басқа да маңызды мәселелер көп ұзамай қоғамда шешімін тауып жатты. Газет бетінде жарық көрген ықпалды мақалалар жинақталып, «Ана тілінің алтын қоры» деген атпен кітап болып шықты.

Ерлан Жүніс, «Ана тілі» газетінің бас редакторы:

- Әбдуалі Қайдар, Рабиға Сыздықовалар, Мекемтас Мырзахметұлы секілді тіл қайраткерлері аты-жөнімізді бір іздендіру мәселелерін уақытында көтерді. Ол кейін жемісін берді. Кейінгі ұрпақ аты-жөнін қазақша жаза бастады. Яғни «ов»-тан, «ев»-тен басқа да өзге тілдегі жұрнақтардан құтылып жатыр. Бұл «Ана тілі» газетінің жеңісі деп білеміз.

Мерейтойға орай газеттің 1990 жылы шыққан алғашқы саны 100 данамен қайта басылып, келген қонақтарға таратылды. Сондай-ақ басылым мұрағатындағы суреттердің көрмесі келушілер назарына ұсынылды.

Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев