Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі қаламгер, композитор Әкім Ысқақтың шығармашылық кеші өтті. Жиынға халық қалаулылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Кеш барысында жазушының «Әкеммен сырласу» кітабының тұсаукесері өтті. Ол бұл шығармасын әкесінің 90 жылдығына арнаған. Автор 700 жылдық еңбек өтілі бар ұстаздар династиясында дүниеге келген. Шығармада ата – әке – бала үштігі арасындағы байланыс, ұлағат-өсиет көрсетілген.
Абай Тасболатов, Мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант:
- Төле бидің өмірден өтер алдында айтқан сөздері бар. «Адамның басшысы – ақыл, қорғаншысы – сабыр, сыншысы – халық, ең қымбаттысы – ар сақтау, ең тәттісі – сыйластық». Сол айтқанының барлығы сол жерде бар. «Бауырға салу» деген дәстүріміз бар ғой, соны да жазады. Бірақ өкінішке қарай кейібіреулер түсінбейді және ондайлар кейде жоқ та дегенге келтіреді. Ол да рас қой.
Одан бөлек, мамандар отбасындағы әке рөлі төмендеп, «отағасы» деген атқа лайық азаматтар азайып кеткенін айтады. Қазақ отбасындағы әкенің мәртебесі бедел мен құрметке ие. Ол – құдірет пен қасиет. Оларға қарап ұл өсетінін ескерсек, әкелердің мәртебесін көтеру бүгінде өзекті болып отыр.
Әкім Ысқақ, Мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы:
- Әке – өмір, әке – тұлға. Шын мәнінде әкенің орны бөлек. Бірақ соңғы уақытта әке ананың көлеңкесінде қалып кеткен сияқты. Бізді кішкентай кезімізде қалай тәрбиеледі, «әкең келе жатыр», «әкеңнен сұран», «әкеңе айт» деп. Бүгінгі күні жетпей жатқаны сол. Қазір балалрдың досы - ұялы телефон, гаджет. Содан бала жасық, біреумен араласуды да білмейді.