Алматы облысында жасырын есірткі зертханасының жұмысы тоқтатылды. Ол Шу қаласынан осы өңірге «бақыланатын жеткізу» әдісімен жүргізілген арнайы операция нәтижесінде анықталған. Зертхана Қарасай ауданының «Тұрар бақшасы» елді мекенінде орналасқан. Синтетикалық есірткіні өндіру және таратуды көрші елдің екі азаматы ұйымдастырыпты. Ал жедел іс-шара барысында 11 келіден астам «мефедрон» тәркіленді. Нәтижесінде, құны 1,6 миллион АҚШ долларын құрайтын 35 мың бір реттік дозаның айналымға түсуіне жол берілмеді.
Данияр Мейірхан, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
- Сонымен қатар зертханаға жүргізілген тінту барысында 20 литр және 115 кг психотроптық зат, сондай-ақ екі тоннадан астам прекурсор тәркіленді. Оларды өңдеу арқылы 120 кг синтетикалық есірткі дайындау жоспарланған. Қылмыстық ортаға 17,5 млн АҚШ доллары көлемінде залал келтірілді. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.