Түркістан облысында 414 млн текше метр су рұқсатсыз пайдаланылған

  • 64
  • 29.07.2025, 18:39

Түркістан облысында ағын суды заңсыз пайдаланудың 20-дан астам дерегі тіркелді. Жергілікті полиция қызметі су ресурстарын қорғау инспекциясымен бірлесіп жүргізген рейд барысында Мақтаарал, Жетісай, Келес, Шардара аудандары мен Шардара су қоймасы аумағында су ресурстарын рұқсатсыз пайдаланған азаматтар анықталды. Мәселен, Шардара су қоймасынан ұзындығы 3,7 шақырым, тереңдігі 1 метрден асатын қолдан қазылған арық пен бірнеше су сорғыш құралдар табылған. Олар ауыр жүк көліктерінің қозғалтқыштары арқылы сағатына 480 текше метр суды заңсыз алып отырған. Тексеру барысында бүгінге дейін 414 млн текше метр суды рұқсатсыз пайдаланғаны белгілі болды. 

Ермек Өсербаев, жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы: 

-Анықталған деректер бойынша жиналған материалдар Арал-Сырдария бассейндік инспекциясына жолданды. Құқықбұзушыларға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 141-бабына сәйкес шара қолданылды. Түркістан облысы полиция департаментінің мобильді тобы су ресурстарын заңсыз пайдалану фактілерін анықтауға бағытталған жұмыстарды одан әрі жалғастырады.