Өскеменде жасөспірімдердің заңсыз еңбегі әшкереленді

  • 7
  • 04.08.2026, 19:36

Өскемендік прокурорлар қоғамдық тамақтану орындары мен дүкендерде арнайы рейд шарасын өткізді. Нәтижесінде 25 кәсіпкерлік субъектісінде жасөспірімдердің еңбек келісімшартынсыз және уақыт есебінсіз жұмыс істегені анықталды. Заң бұзған жұмыс берушілер 300 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл төлейді. Ал өндірісте жазатайым оқиғаға жол берген кәсіпкерге одан да қатаң санкциялар қолданылады.

Құрылыс материалдары зауытында жасөспірім ауыр жарақат алып, қолынан айырылған. Зардап шеккен баламен еңбек шарты жасалмаған болып шықты.

Бақытжан Ерболқызы, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшесі:

- Бүгінгі таңда міне, облыстық прокуратурамен және де еңбек инспекциясымен бірлесіп, рейдтік іс-шара өткізіп жатырмыз. Біздің мақсатымыз – кәмелетке толмаған жастардың өз құқықтарын білуді қамтамасыз ету, сонымен қатар жұмыс берушілердің осы заң талабын қатаң сақтауы. Өйткені жастардың қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында тұрады.