Amanat Drive қаржы пирамидасының басшыларына қатысты сот үкімі шықты. Олар 8 мыңнан астам салымшы тартып, 21 миллиард теңгеден аса қаражат жинаған. Сотталғандар салым есебінен 2 пәтер мен Lexus маркалы 3 автокөлік сатып алып, жасыру мақсатында оларды сенімді адамдардың атына рәсімдеген. Сот аталған мүлікті мемлекет кірісіне тәркіледі. Ал кінәлі Шүкен есімді азамат 8 жылға, Үрәтбек 1 жылға бас бостандығынан айырылды.
Еске сала кетейік, пирамиданы ұйымдастырушылар азаматтарға жылжымайтын мүлік пен автокөліктерді тиімді шарттармен сатып алуды ұсынған.
Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:
- Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру мақсатында бақылауындағы заңды тұлғаларды, «Алло, не керек» ЖШС, «I M@RKETING» ЖШС, «Gold SapaPremium» ЖШС пайдалана отырып, көпдеңгейлі схема іске асырылған. Аталған компаниялар жарнама қызметі, жылжымайтын мүлік және көлік нарығындағы талдау мен болжау сияқты қызметтердің жалған жеткізушілері ретінде әрекет еткен. Жалған шарттар негізінде 1,8 млрд теңгеден астам қаражат шығарылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.