МӘМС-тен ₸65,9 млн ұрлаған стоматология басшысы сотталды

  • 3
  • 01.09.2026, 19:39

Алматы облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 65,9 млн теңгені заңсыз алу дерегі анықталды.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, стоматологиялық клиниканың директоры пациенттердің жеке деректерін пайдаланып, медициналық ақпараттық жүйеге жалған мәліметтер енгізген. Құжаттарда туа біткен патологиясы бар балаларға ортодонтиялық қызметтер көрсетілгені жазылған. Тексеру барысында аталған жұмыстардың іс жүзінде орындалмағаны дәлелденді. Осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, материал сотқа жолданды.

Аида Иманалиева, облыс прокурорының аға көмекшісі:

- Жалған мәліметтер негізінде қордан 65 миллион теңгеден астам қаржы заңсыз алынған. Прокурорлық тексеру материалдары бойынша Қылмыстық Кодекстің 190-бабы, 4-бөлігінің 2-тармағы негізінде қылмыстық іс қозғалып, нәтижесінде кінәлі тұлға сотталды. Мемлекетке келтірілген залал толық көлемде өтелді.