ШҚО-да 300 тонна шөп өртеніп кетті

  • 4
  • 01.09.2026, 19:34

Шығыс Қазақстан облысындағы шаруашылықтарда 300 тоннадан астам шөп өртеніп кетті. Шаруалар ала жаздай малға деп жинаған азығынан айырылды. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, бұған өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы себеп болған.

Шөп электр желілеріне жақын жерге үйілген. Ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану талаптары да бұзылған. Тракторлар өрт сөндіргіш құрылғыларымен жабдықталмаған. Ал егіс алқаптарының айналасына өрттің таралуына жол бермейтін ор қазылмаған.

Осыған байланысты сала мамандары ауылдарды аралап, шаруаларға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіріп жатыр.

Марина Лискова, ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы:

- Біз жыл бойы түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Әсіресе көктемгі дала жұмыстары мен күзгі жиын-терім кезінде егіс алқабында жұмыс істейтін механизаторларға қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, ескертеміз. Осы тақырыпта түрлі кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткіземіз.