Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында теміржол құрылысына бөлінген 380 млн тг жымқыру дерегі бойынша тергеу басталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Құзырлы органның дерегінше, 2017 жылы «Сырымбет» кен орнына дейін теміржол кірме жолын, ішкі жол желісі мен инженерлік коммуникацияларды салу туралы келісімшарт жасалған. Жоба құны 1,4 млрд тг құрайды. Жұмыстар бір жылда аяқталуы тиіс болды. Кейін оны жүзеге асыру мерзімі бірнеше рет ұзартылып, нысан құрылысы әлі күнге дейін толық шешілмеді.
Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
- «Сырымбет» кен орнының өңір үшін стратегиялық маңызы бар. Ол - Қазақстандағы жалғыз әрі Орталық Азиядағы ең ірі қалайы кен орны болып саналады. Іс бойынша мердігер ұйымның басшысы, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бұрынғы басқарушысы күдікті деп танылды. Сот санкциясы бойынша 3 пәтер мен автотұрақ орнына тыйым салынды.