Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті
Әңгіме барысында тараптар Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы әріптестік мәселелерін талқылады.
М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректорымен жолыққан Елбасы елордадағы осы оқу орнының Қазақстандағы филиалы жаңа ғимаратқа көшетінін айтты. Сарыарқа ауданында орналасқан оқу корпусының жалпы аумағы 20 мың шаршы метрді алып жатыр.
Елбасы өткен сенбіде Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, халықаралық мәселелер бойынша пікірлесіп, екі мемлекет арасындағы саяси байланыстардың белсенділігін жоғары бағаланған болатын.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Все эти годы мы с Вами вместе работаем больше 20 лет. Межгосударственные отношения сложились, они созданы, все документы подписаны, Договор о дружбе, сотрудничестве, союзничестве в XXI веке мы подписали, и с тех пор Россия для Казахстана–- партнер номер один в экономике и в политике. Я всегда говорю: у нас примерные отношения.
Былтыр Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара сауда айналымы 19,7% өскен. Ақшаға шаққанда – 20 млрд доллар. Владимир Путин мұны жақсы көрсеткіш деп бағалады.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
- Екіжақты байланыстарға тоқталатын болсақ, Сіздің бастауыңызбен Қазақстан мен Ресей стратегиялық әріптестік орнатты. Әрі бұл қарым-қатынас сәтті жүзеге асып жатыр. Саяси диалог жалғасты. Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен үнемі кездесіп тұрамыз. Үкіметтер де қарқынды жұмыс істейді.
Еуразиялық ықпалдастық – Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путинге ортақ тақырып. Ресей басшысы әр кездескен сайын бұл мәселеге екпін қояды, себебі Еуразиялық интеграция десе, Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі қоса аталады. Елбасы – тек идея авторы ғана емес, идеяның бірлестікке айналуына ерен еңбек сіңірген қайраткер.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- С Вашей подачи я стал Почетным Председателем Евразийского союза. Есть трудности, но я считаю, что эта интеграция работает, имеет большую перспективу. Я, как Почетный Председатель, буду этому способствовать.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
- Сіз қазіргі Қазақстанның негізін қалап қана қоймай, посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық үрдістерге бастамашы болдыңыз. Нәтижесінде бұл Еуразиялық экономикалық одақтың пайда болуына септесті. Сіз бұл идеяны одан әрі дамытып келесіз, сол үшін алғысымды айтамын.
1994 жылы алғаш рет «Еуразиялық интеграция» идеясы ұсынылды. Уақыт өте келе бұл идея өзінің өміршеңдігін, қажеттілігін дәлелдеді.
М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде «Нұрсұлтан Назарбаев – Еуразия интеграциясының сәулетшісі» деген атаумен көшпелі көрме ашылды.
Көрмені Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы ұйымдастырған. Кіреберісте Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылғы дәрісінің көшірмесі, сол күні сыйға берілген заттар, фотосуреттер қойылған. Одан әрі ықпалдастықтың әр кезеңінен хабар беретін түрлі материалдармен танысуға болады.
Күләйша Ақтаева, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары:
- Елбасы кітапханасының қоры өте бірегей әрі бай. Өйткені оның негізгі құндылығы – Елбасының жеке қорлары. Ең маңыздысы: Елбасының қолжазбалары, мемлекеттік қызмет атқарып жүрген кездегі ойлары мен шешімдері жазылған құжаттар.
1995 жылы Қазақстан, Ресей мен Беларусь Кеден одағы туралы келісімге келді. Араға біраз жыл тастап, 3 ел Кеден одағын құруға әзірлігін жария етті. 2011 жылы Еуразиялық экономикалық комиссия туралы шартқа қол қойылып, Еуразиялық экономикалық ықпалдастық туралы декларация қабылданды. Көрмеге келген адам ықпалдастықтың тарихына қанығады.
Ал осынау ұзақ жолдың шарықтау шегі – 2014 жылдың 29 мамыры. Бұл – Еуразиялық эконмикалық одақ туралы шартқа қол қойылған күн.
Дархан Әбдуахит, тілші:
- Көрмеге қойылған көп дүниенің бірі болып бой жасырып тұрған шағын кітап 1997 жылы жарық көрді. Ол «Евразийский союз: идеи, практика, перспективы» деп аталады. Авторы – Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасының ықпалдастыққа қатысты сол кезде жазған біраз ойы мен болжамы жылдар өткен соң айна-қатесіз орындалғанын аңғарасыз. Қазақстанның Тұңғыш Президенті интеграция дәуір талабы екенін талдап, жан-жақты түсіндіреді.
Сапар барысында Елбасы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничиймен кездесті. Кездесуде білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастық мәселесі әңгімеге арқау болды.
Виктор Садовничий, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры:
- Сіз осымен Мәскеу мемлекеттік университетіне 9-ыншы рет келіп отырсыз. Сізге «Құрметті доктор», «Құрметті профессор» атақтарын тапсырдық. Сіз университеттің екі атағын қатар иеленген жалғыз шетелдік қайраткерсіз. 90-жылдары көп түйткілді шешу ісінде керемет рөл атқардыңыз. Бертін келе дағдарыс уақытында нақты шешім қабылдай білдіңіз. Еуразиялық одақ кеңейіп келеді.
Мәскеу мемлекеттік университетімен тығыз қарым-қатынастың бір дәнекері – Нұр-Сұлтан қаласындағы оқу орнының филиалы. Филиал 2000 жылдары ашылды. Қазіргі таңда 600-ден астам Қазақстан азаматы оқиды. Бұған дейін Еуразия ұлттық университетінің бір бөлігінде орналасқан бөлімшенің енді Нұр-Сұлтанда жеке ғимараты болады.
Мәскеу мемлектеттік университетінің Қазақстандағы филиалы 20 жылдың ішінде 1000-нан астам маман дайындап шығарған. Қазіргі таңда математика, информатика, филология, экономика факультеттерінде жастар білім алып келеді.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Бұл – Қазақстан азаматтарына жасалып жатқан шара. Өйткені онда Қазақстан азаматтары да білім алады. Бұл білім ордасында оқу форматы өзгеше: бастапқы курстарды Қазақстанда оқыса, одан кейін оқуын Мәскеу мемлектетік университетінде жалғастырады. Бұл өзінің тиімділігін көрсетіп отырған бағдарлама деп санаймыз. Сондықтан аталған мәселені мемлекет қолдап отыр.
Ректормен кездесу кезінде Елбасы Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктеріне жеке тоқталды. Бірлестікке деген қызығушылық жыл санап артып келеді.
Мәскеу мемлекеттік университетіндегілер Елбасын әркез құшақ жая қарсы алады. Елбасына осы жолы оқу орнының жоғары наградасы «Мәскеу университетінің жұлдызы» табысталды. Содан соң Қазақстанның Тұңғыш Президенті осындағы тарих музейін аралап көрді.
Авторлары: Дархан Әбдуахит, Хасен Омарқұлов, Айдос Меделбеков, Айдос Ентебеков